Accessibility links

Сот Боқаев пен оның туыстарының талабын орындамады


Макс Боқаев, азаматтық белсенді.
Макс Боқаев, азаматтық белсенді.

Астананың Алматы аудандық соты Макс Боқаев пен оның туыстарының азаматтық белсендінің Петропавл түрмесінде жазасын өтеуінің заңдылығын тексеруді сұраған арызын қанағаттандырмады.

29 қаңтар кұні таңертең сағат 9.30-ға деп белгіленген сот шешімі түскі 12- ден өте ғана жарияланды.Судья Дәурен Байменов сот шешімін санаулы минутта оқып шықты. Сотқа Макс Боқаевтың өзі де, оның адвокаттары да қатыспады.

- Сотталушыны басқа жерге ауыстыруға оның тәртібі себеп болады. Боқаев жазасын өтегеннен бері бірнеше рет құқық бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Оған « үшінші дәрежедегі теріс тәртіп көрсетті» деген баға берілген, - деп түсіндірді судья Дәурен Байменов өз шешімін.

Ол Макс Боқаев туыстарының Қылмыстық атқару кодексінің 88-бабын конституцияға қарсы деп тану жөнінде конституциялық кеңеске арыздану туралы өтінішін де кері қайтарды.

Астанадағы Алматы аудандық соты Макс Боқаевтың анасы Рахила Қожасова мен туысы Жанаргүл Боқаеваның Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Боқаевты жазасын өтеуге Солтүстік Қазақстан облысындағы 164\3 мекемесіне жіберу туралы бұйрығының заңдылығын анықтауды талап еткен арызын 18 қаңтарда қарай бастаған.

Макс Боқаевтың адвокаты Айман Омарова 25 қаңтардағы сот процесінде «іс материалына қажетті дәйектерді сұрата алмаған судьяға сенбейтінін» айтып, оны ауыстыру туралы өтініш түсірген болатын. Судья Дәурен Байменов адвокат өтінішінің жазбаша түскенін растағанымен, сотты ауыстыру туралы ешқандай мәлімдеме жасамады. Азаматтық белсендінің адвокаттары содан бері сот процесіне қатысқан жоқ. Сотқа интернет байланыс арқылы қатысып келген Макс Боқаев та адвокатсыз процеске қатысудан бас тартып, құқы бұзылғанын мәлімдеген еді.

Оқи отырыңыз: Макс Боқаев: "Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес"

Макс Боқаев 2016 жылы сәуірде жер реформасына қатысты Атырауда өткен сан мыңдаған адам қатысқан ірі жер митингісінен соң бес жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG