Шымкенттегі «Гарант» дүкендері аумағында "деструктивті ағым мүшесі" деген күдікпен ұсталып, былтыр 22 қыркүйекте қамауға алынған Бақытжан Ізтілеуовтің қамауға алу мерзімі ұзартылды деп хабарлайды Әл-Фараби аудандық сотының судъясы Ғани Байарыстан.
Ғани Байарыстаның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1 және 2-бөлігі ("Алдын ала сөз байласу арқылы діни алауыздықты қоздыру"), 256-баптың 1-бөлімі ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған Ізтілеуовтің қамауға алу мерзімі 3-ақпанға дейін ұзартылған. Сотқа күдіктіні айыптау актісі әлі түспеген.
2017 жылдың 20 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысында «деструктивті ағым мүшесі» делінген Бақытжан Ізтілеуов 19 қыркүйекте Шымкентте, Алпамыс Жүсіпбеков - Сарыағаш қаласында, Самат Борашев Жетісай қаласында ұсталып, 19 қарашаға дейін қамауға алынған болатын.
Жүсіпбеков пен Борашев Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") бойынша айыпты деп танылып, бас бостандығы үш жарым жылға шектелген. Ал Ізтілеуовтің қамауға алу мерзімі осымен үшінші рет ұзартылып отыр.