Accessibility links

СІМ: Ресейде Филинковтың ұсталғаны туралы ақпарат түспеді


Санкт-Петербургтегі абақтыларың бірі (Көрнекі сурет).
Санкт-Петербургтегі абақтыларың бірі (Көрнекі сурет).

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жауабында қазақстандық дипломаттар Ресейде Қазақстан азаматының терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат бойынша Ресей тергеу органдарына сауал жолдайтынын хабарлады.

Ресей тергеу органдарының долбарына қарағанда, ұсталған 23 жастағы IT саласының маманы Виктор Филинковтің "әлдебір террорлық ұйымға қатысы бар". Кейбір ақпараттар бойынша, Филинков 23 қаңтар күні кешке Пулково әуежайына кетіп бара жатқанда ұсталған. Санкт-Петербургтің Дзержинский аудандық соты кейін оны «террорлық ұйымға қатысы бар» деген күдікпен екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарған.

Филинковтың әйелі «Настоящее время» телеарнасына берген сұхбатында күйеуіне кінәсін қинап мойындатқанын айтты. Ресейдің «ОВД-Инфо» құқық қорғау сайтының хабарлауынша, Санкт-Петербургтің Қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) мүшелері тергеу абақтысында жатқан Филинковқа жолыққан. Бақылаушылар Филинковтың денесінің көп жері электр есеңгіреткішінен күйіп қалғанын және оң жақ тобығы қанталап, ісіп кеткенін байқаған.

«Қазір дейін Қазақстанның Санкт-Петербургтегі бас консулдығы мен Мәскеудегі елшілігімізге Ресейдің құқық қорғау органдарынан аты-жөні аталған Қазақстан азаматының ұсталғаны туралы ресми мәлімет түспеді. Дегенмен, біз бұл ақпаратты тексереміз және Ресейдің тергеу органдарына тиісті сауал жолдаймыз» деді Әнуар Жайнақов.

XS
SM
MD
LG