Accessibility links

Уолкер: Ресей АҚШ-тың Донбасс бойынша ұсынысына қарсы емес


Курт Уолкер, АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі.
Курт Уолкер, АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі.

«Ресей АҚШ-тың Украина шығысына БҰҰ бітімгерлік миссиясын кіргізу туралы ұсынысын талқылауға ашық екенін білдірді, бірақ Мәскеу мен Вашингтон бұл мәселеде келісімге әзір келе қоймайды» деп мәлімдеді АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер. Ол бұл жайында Ресей президентінің көмекшісі Владислав Сурковпен Дубайда өткен кездесуден үш күннен соң журналистермен әңгімесінде айтты.

Бұл кездесу қарсаңында Уолкер Киевке барып, Украина президенті Петр Порошенкомен және басқа да билік өкілдерімен кездескен.

Уолкер осы жылдың басында Сурковпен телефонмен сөйлесіп, «Вашингтон Ресейдің Украина шығысындағы қақтығысты тоқтатуда ешнәрсе жасамағанына немесе қақтығыс аймағынан әскерін шығармағанына қатты қынжылғанын» айтқан.

Уолкер мен Сурков «екі тараптың тығырықтан қалай шығуға болатынын» «егжей-тегжейлі талқылаған». АҚШ қақтығыс жүріп жатқан аймақтарға және Украина-Ресей шекарасына бітімгерлік күштерін кіргізу керек деп біледі. Уолкердің пікірінше, бітімгерлік күштері кіргізілгенде ғана Минск келісімін орындауға мүмкіндік туады.

Украина шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында үкімет әскері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы соғыс 2014 жылы сәуірде басталған. Содан бері қақтығыстарда 10300-ден астам адам қаза тапқан. 2014 жылы қыркүйекте және 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты реттеу туралы келісім жасалғанымен, ол осы күнге дейін орындалмай отыр.

XS
SM
MD
LG