Accessibility links

Жоғарғы сот әйелдің "өз өзін өртемек болғанына" комментарий берді


Қазақстан Жоғарғы соты, Астана (Көрнекі сурет).
Қазақстан Жоғарғы соты, Астана (Көрнекі сурет).

«Астанада 29 қаңтар күні күндіз Жоғарғы соты алдында бір әйел соттың туысына шығарған үкімімен келіспей, өз өзін өртемек болды» деп хабарлады Жоғарғы сот. 29 қаңтар күні кешке жергілікті телеарналар қала тұрғыны Жақсыгүл Бөкенованың ағасын заңсыз сотталды деп, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановпен кездестіруді талап еткені туралы сюжет көрсеткен. Мұның алдында Бөкенова үстіне жанғыш сұйықтық құйып, өз өзін өртемек болған, бірақ оны полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Жоғарғы сот 30 қаңтар күні бұл оқиғаға қатысты комментарий беріп, Бөкенованың 29 қаңтар күні өз өзін өртемек болғанға дейін Жоғарғы сотқа Жақып Асановпен кездестіруді талап етіп келгенін айтты. Жоғарғы сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бөкеновамен сөйлеспекке шыққан сот өкілі оған ағасына шыққан сот үкімі әлі күшіне енбегенін және Жоғарғы сот заң бойынша алғашқы сот үкімін апелляциялық соттың шешімінен кейін ғана сұрата алатынын түсіндіріп айтқан.

«Жақсыгүл Бөкеноваға үкімге шағымданудың тәртібі түсіндірілді. Оған Жоғарғы сот төрағасының бүгін-ақ кездесуге дайын екені, төрағамен апелляцияға қатысты сөйлесе алатыны айтылды. Жоғарғы сот ғимаратынан шығып кеткен Бөкенова біраз уақыттан соң қайта келіп, өз өзін өртемек болды. Бірақ оны полиция қызметкерлері тоқтатты. Оқиға кезінде Бөкенова зардап шеккен жоқ» делінген Жоғарғы сот баспасөз хатшысы Болат Кальянбековтің хабарламасында.

25 қаңтарда қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сот келісім бойынша әскерде қызмет етіп жатқан аға сержант Қуаныш Бөкеновті «кәмелетке толмаған адамға жыныстық сипаттағы зорлау әрекетін жасады» деп айыптап, 10 жылға соттаған.

«Заң бойынша, жыныстық сипаттағы іс жабық сот процесінде қаралады. Осыған байланысты сот бұл істің қалай жүргізілгеніне комментарий бере алмайды. Ағасын қорғайтын Бөкенованың барлық уәжін апелляциялық инстанция қарайды» деді делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

XS
SM
MD
LG