Accessibility links

БАҚ: "АҚШ соты Гиркинді MH17 апатына айыпты деп тапты"


"Стрелков" лақап атымен белгілі Игорь Гиркин. 2014 жыл.

АҚШ соты "Стрелков" лақап атымен белгілі Игорь Гиркинді Донецк облысындағы "Малайзия әуежолдары" компаниясының ұшағының құлауына айыпты деп тапты. Бұл жайлы сот шешімінің көшірмесіне сілтеген нидерландтық Zembla басылымы хабарлайды.

Желтоқсанның 20-сы Иллинойс штатының Солтүстік округінің соты "Гиркин қастандықтан қаза болған 25 адамның отбасына 400 миллион доллар өтемақы төлесін" деген шешім шығарған. 2014 жылы Гиркин Украина шығысындағы сепаратистер жетекшілерінің бірі болған.

Шағымданушылардың өкілі адвокат Флойд Виснер 2015 жылы сотқа жүгінген еді. Ол Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында "шағымның мақсаты өтемақыда емес, сұмдық қастандыққа рұқсат беріп, жоспарлап, іске асырғандарды анықтауда" екенін айтқан. Гиркиннің үстінен түскен азаматтық шағым АҚШ-тың "Азаптау құрбандарын қорғау заңына" сәйкес жасалған.

Игорь Гиркин сот шешімін мойындамайтынын, бірақ "жарты миллион доллар артық ақшасы болса, қаза болғандардың туыстарына көмектесуге дайын екенін" айтқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Гиркин сот отырысына келмеген және Мәскеудегі мекен-жайы бойынша табылмаған.

"Малайзия әуежолдарының" "Боинг" ұшағы Донбасс аспанында 2014 жылы шілденің 17-сі құлаған. Онда 298 адам опат болды. Халықаралық тергеу тобы ұшақ Ресейден әкелінген "Бук" зымыранымен атып түсірілген деп қорытынды шығарған. Ресей тарапы ол қортындыны мойындаған жоқ.

Зымыран сепаратистер басып алған Украинаның шығысында атылған. Жүзге жуық адам ұшақ апатына күдікті саналады. Бірақ тергеушілер әзірге олардың аты-жөнін атаған жоқ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Ас үйде дайындалған бионикалық протез
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00
XS
SM
MD
LG