Accessibility links

Өзбекстан арнайы қызметінің басшысы Иноятов отставкаға кетті


Рустам Иноятов, Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы.
Рустам Иноятов, Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы.

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) төрағасы, генерал-полковник Рустам Иноятов отставкаға кетті деп хабарлады Өзбекстан үкіметіндегі дербес екі дерек көзіне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек редакциясы. Дерек көзінің айтуынша, Иноятовтың қызметінен босатылғанын президент Шавкат Мирзияев 31 қаңтар күні ҰҚҚ мен Бас прокуратура қызметкерлері қатысқан селекторлық жиналыста жариялаған.

ҰҚҚ-ны 23 жылға жуық уақыт басқарған 73 жастағы Рустам Иноятовтың орнына осыған дейін бас прокурор қызметін атқарған Ихтиер Абдуллаев тағайындалды.

52 жастағы Ихтиер Абдуллаев 2015 жылдың 21 сәуірінен бері Өзбекстан бас прокуроры қызметін атқарған. Ал Абдуллаевтың орнына бас прокурор болып бұған дейін президенттің мемлекеттік кеңесшісі болған Отабек Муродов тағайындалды.

Өзбекстан үкіметіндегі бірнеше дереккөзі мен үкіметке жақын адамдардың Азаттыққа айтуына қарағанда, Иноятов отставкаға кету туралы президентке 25 қаңтарда өтініш білдірген.

Өзбекстан үкіметіндегі жоғары шенді шенеунік президент Шавкат Мирзияев Қашқадария облысына сапары алдында Рустам Иноятовпен төрт сағат әңгімелескенін айтады.

Рустам Иноятов экс-президент Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан бері қызметінен ауыстырылмаған жоғары шенді аз ғана шенеуніктің бірі болған еді. Иноятов басқарған 23 жылға жуық уақытта Ұлттық қауіпсіздік қызметі Өзбекстандағы ең жабық және құзыреті жоғары құрылым болды.

Президент Шавкат Мирзияев 2017 жылы 22 желтоқсанда парламенттің қос палатасына арнаған жолдауында Өзбекстанның құқық қорғау және күш құрылымдарын, әсіресе арнайы қызметті сынаған.

Мирзияев жолдауында ҰҚҚ-ның құқықтық статусын, мемлекетті ішкі және сыртқы қауіп-қатерден қорғаудағы қызметін, міндеті мен құзыретін анықтайтын «Ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы» заң қабылдауды ұсынған.

XS
SM
MD
LG