Қазақстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Youtube-та жарияланған «сотталушыларды азаптау» жайлы видео шағымына қатысты түсініктеме берді. Министрліктің Азаттыққа жіберген ресми жауабында видео шағымдарға байланысты Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметтік тергеу жүргізгені айтылған.
«Қызметтік тергеудің нәтижесі бойынша және тәртіптік комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, облыстық департамент бастығының бұйрығымен департамент және ОВ-156/15 мекемесінің жауапты қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазір осы факт негізінде Қылмыстық кодекстің 146-бабы («Азаптау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» делінген Азаттыққа жолданған жауап хатында.
Интернетте жарияланған видеода сотталушылардың бірі «аталған мекемеде екі сотталушының өліміне куә болғанын» айтқан еді. Министрлік бұл мәліметті жоққа шығарады.
Қаңтар айының басында Youtube желісінде Семейде орналасқан ОВ-156/15 мекемесінің бірнеше сотталушысының түрмедегі азаптаулар жайлы айтқан видео шағымы пайда болған еді. Сотталушылар онда түрмеде тұтқындарды жиі қинап, қысым жасалатынын айтып, оған қатысы бар делінген жоғары лауазымды қызметтегі адамдардың фамилияларын да атаған.
Құқық қорғаушы Елена Семенова қаңтардың 31-і күні Азаттыққа видеода шағым айтқан сотталушылардың бірі «жеке бас қауіпсіздігін қорғау мақсатында» Өскемендегі колонияға ауыстырылғанын хабарлады. Құқық қорғаушының айтуынша, видеодағы бірнеше сотталушы жәбірленуші ретінде танылып, олардың арызына байланысты тексеру жұмысы жалғасып жатыр.