Халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы АҚШ президенті Дональд Трампты Гуантанамо түрмесін сақтап қалғаны үшін айыптады. Құқық қорғаушылар бұны «АҚШ-тың атына кір келтіретін әрекет» деп есептейді.
Трамп 30 қаңтар күні Конгресте жасаған «Елдегі жағдай туралы» алғашқы жолдауында Гуантанамо туралы да сөз қозғап, өзіне дейінгі президент Барак Обаманың ол түрмені жабу туралы шешімін жойғанын мәлімдеген. Президент жүздеген қауіпті терроршыны бостандыққа шығаруды «ақымақтық» деп біледі. АҚШ мұндай айып тағылғандарға қатысты саясатын қайта қарамайынша, түрме жабылмайды.
Барак Обама 2009 жылы бұл мекемені жабуға талпынған. Сол кезде қабылданған президент жарлығына сәйкес, түрмеде отырғандар басқа елдерге немесе АҚШ-тағы басқа түрмелерге ауыстырылуы тиіс еді. Бірақ түрмені жабуға Конгресс қарсы шыққан.
Кубадағы Гуантанамо түрмесі 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа қарсы жасалған террорлық шабуылдардан кейін АҚШ-тың сол кездегі президенті кіші Джордж Буштың пәрменімен ашылған. 2003 жылы ол түрмеде терроризм қылмысына қатысты күдікпен ұсталған 680-ге жуық тұтқын қамауда болған. Кейін президент Буштың кезінде 500-ден астам адам, Барак Обама билікте болған сегіз жылда ол түрмеден 197 адам босатылған. Қазір Гуантанамо түрмесінде 41 тұтқын бар.
Құқық қорғаушылар Гуантанамо түрмесіндегілердің азапталғаны туралы бірнеше мәрте мәлімдеген.