Accessibility links

Ақтөбе соты «орамал дауына» қатысты екі шағымды қанағаттандырмады


Бауыржан Сарин, Ақтөбедегі №40 мектептің директоры. 1 ақпан 2018 жыл.

Ақтөбе қалалық соты тұрғындардың «орамал дауына» қатысты №40 және 49 мектеп директорларының үстінен түсірген шағымы талабын орындаудан бас тартты.

№40 мектеп директоры Бауыржан Сариннің Азаттыққа айтуынша, қалалық сот судьясы «директорлардың мектеп формасын сақтау туралы талабы орынды» деген шешім шығарған. Саринді 1 және 2-сыныпта оқитын қыздары мектепке орамал тағып баратын екі ата-ана сотқа берген. Директор енді ата-анасы өзін сотқа берген оқушылар сабаққа орамалсыз келеді деп күтетінін айтты.

Ата-аналар соттан қыздарын орамал тағып барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған директордың ісін заңсыз деп тануды сұраған.

Бауыржан Сарин бұған қоса сот бейсенбіде №49 мектеп директорына қарсы орамал дауына қатысты шағым бойынша да осындай шешім шыққанын айтты.

Ата-аналардың орамал дауына қатысты талабы заңсыз деп танылғанын Азаттыққа Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі растады. Сот «Білім туралы» заңның 49-бабына сай, ата-ана «білім саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талапты орындауға міндетті» екенін айтады.

Оқи отырыңыз: Депутатқа шағымданғандар медресе ашуды сұрады

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ақтөбе қалалық сотының мәліметінше, орамал дауына қатысты тағы төрт іс қаралып жатыр.

Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің дерегі бойынша, оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын кем дегенде 180 қыз бала мектепке бара алмай отыр.

Оқыңыз: Хиджабқа тыйым: кемсіту ме, әлде мәжбүрлі шара ма?

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG