Accessibility links

Үндістаннан келген үш алматылықтан тырысқақ дерті анықталған


Тырысқақ таяқшалары.

Үндістаннан туристік сапардан оралған Алматының үш тұрғыны тырысқақ дертіне шалдыққаны анықталды деп хабарлайды КТК телеарнасы. Қауіпті дерт жұқтырған үшеуі және тағы бір адам ауруханада оқшау орынға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынған.

Туыстарының айтуынша, қазақстандықтар бір ай бұрын туристік сапармен Үндістанға барып, алты қалада болған. Сапар кезінде біреуі өзін жайсыз сезініп, кейін денсаулық жағдайы тұрақталғандай болған. Бірақ Алматыға оралғаннан кейін тағы нашарлап, қаңтардың 31-і күні жұқпалы дерттен емдейтін ауруханаға жатқызылған.

"Алматылықтар Үндістанда әртүрлі астан жеп, су ішкен. Дерт ұлудан шикілей жасалатын тағам жегенде жұққан болуы мүмкін", - деген болжам айтады Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің аса қауіпті жұқпалы ауруларды эпидемологиялық қадағалау бөлімі жетекшісі Саят Қауметбаев.

Қазақстандық туристердің қауіпті дерт жұқтырғаны анықталғаннен кейін дәрігерлер олармен байланыста болғандардың барлығын – отбасы мүшелерін, ұшақта бірге келген жолаушылар мен ұшақ экипажын түгелдей тексерген. Әзірше өзгелерден дерт белгілері анықталған жоқ деп хабарланды.

Дәрігерлердің мәліметінше, өткен жылғы қараша-желтоқсан айларында Алматыда Үндістаннан келген бес адамнан тырысқақ дерті анықталған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG