Ақпанның 15-інен бастап Тәжікстанға 2005 жылға дейін зауыттан шыққан автомобильдерді енгізуге тыйым салынады. Бұл туралы үкімет қаулысында айтылған деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди радиосы).
Тәжікстанға көлік құралдары, негізінен жеңіл автомобильдер Еуропадан әкелінеді. Олардың көпшілігі зауыттан 1990 жылдары немесе 2000 жылдардың алғашқы жартысында шыққан. Шеттен әкелінетін көліктердің 80 пайыздан астамы – Германияда жасалған.
2016 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, Тәжікстанда тіркеуде тұрған жарты миллионнан аса автомобильдің жартысынан көбі ескі көліктер болған. Тәжікстанның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің өкілі Саидусмон Судуровтың сөзінше, ол көліктер қоршаған ортаға қатерлі зиян тигізіп отыр. Сонымен бірге, сарапшылардың пікірінше, бұл автокөліктер адам өміріне де үлкен қауіп төндіреді.
Тәжікстан билігі 2017 жылдан бастап елге енгізілетін жаңа автокөліктерден алынатын баж салығын 50 пайызға азайтқан. Душанбе бұл шара шетелден әкелінетін көліктердің жаңа әрі экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай болуы үшін жасалған деп түсіндіреді.