Accessibility links

Қырым белсендісі әлеуметтік желідегі жазбасы үшін қамалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде сот "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде "терроризм мен өшпенділік қоздыратын хабарлар" жариялаған деген күдікпен ұсталған солшыл белсенді Евгений Каракашевті екі айға тұтқындау туралы шешім шығарған. Бұл туралы "Агора" құқыққорғау тобының адвокаты Алексей Ладинге сілтеме жасап "Медиазона" басылымы хабарлады.

Каракашевті ақпанның 2-і күні таңертең ұстаған. Тергеу болжамы бойынша, күдікті 2014 жылдың соңында әлеуметтік желіде "терроризмге шақыратын видео жариялаған". Сонымен бірге тергеушілер "Каракашев 2017 жылғы қаңтарда әлеуметтік желідегі топқа басқа аккаунт арқылы кіріп жариялаған мәтінде де зорлық-зомбылықты насихаттау және террорлық іс-әрекет жасауға шақыру белгілері бар" деп санайды.

Евгений Каракашевтің нақты не жариялағаны туралы айтылмайды, бірақ іс қозғау туралы қаулыда "гранатты қарсы қолданыңдар" деп басталатын және "билік терезелеріне, іске сәт" деп аяқталатын телемәтінді сарапшылардың зерттегені айтылған, деп жазады "Медиазона".

Сонымен бірге тергеушілер Каракашев "Приморье партизандары" деп аталатын топ мүшелерінің өз іс-әрекеттерін түсіндіргені жазылған видеоны жариялаған деп санайды. Бұл жазба Ресейде "нақты бір әлеуметтік топқа өшпенділікті қоздыратыны" үшін экстремистік материалдар тізіміне енгізілген.

XS
SM
MD
LG