Accessibility links

Қадыров Титиевтің ісін федералдық деңгейге беруге қарсы


"Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиев сот залында отыр. Грозный, 25 қаңтар 2018 жыл.
"Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиев сот залында отыр. Грозный, 25 қаңтар 2018 жыл.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров "есірткі сақтаған" деген күдікпен тұтқындалған "Мемориал" құқық қорғау ұйымының жергілікті бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиевтің ісін федералдық деңгейдің қарауына беруге қарсы екенін білдірді. Қадыров істі федералдық деңгейге беруге шақыруды тергеуге жасалған қысымға теңеген. Бұл туралы ресейлік "Медиазона" жаңалықтар сайты хабарлаған.

Шешенстан басшысы "Титиевтің немесе Камчатка тұрғынының "істерін" қайбір жаққа беру жайлы әңгімелер тергеу жүргізіп жатқан қызметкерлерге, бұлтартпау шарасы туралы шешім қабылдаған судьяларға деген сенімсіздік туралы заңды мәселе тудырады» деп санайды.

Ақпанның 2-і күні Ресейдің адам құқығы жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова Ресей Ішкі істер министрлігінен "Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиевтің ісін Солтүстік Кавказ федералдық округі бойынша бас басқармасының қарауына беруді сұрап өтініш айтқан. Оған дейін"Мемориал" құқық қорғау ұйымы Титиевтің ісін Ішкі істер министрлігінің федералдық басқармасына беруге шақырған.

Қадыровтың өзі Титиев тұтқындалғаннан кейін оны "есірткісі бар нашақор" деп атап, оның баласын "есірткі қолданды " деп айыптаған. Қадыров құқыққорғаушы ұйымдарда "дінсіз, ұлтсыз, тексіз кісілер істейтіндіктен" Шешенстанда ондай ұйымдар ешқашан жұмыс істей алмайтыны туралы ескерткен деп жазады "Медиазона" сайты.

"Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің басшысы Оюб Титиев 9 қаңтарда ұсталған. Шешенстан тергеу органдары оған "есірткі сақтады" деген айып таққан. 11 қаңтарда сот 60 жастағы Оюб Титиевті екі айға қамау туралы шешім шығарған. Титиев тұтқындалғаннан кейін оның отбасы Шешенстаннан кетіп қалуға мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG