Accessibility links

Өзбекстанда журналист Дилмурод Саидовты түрмеден босатқан


Өзбекстандық құқыққорғаушы әрі тәуелсіз журналист Дилмурод Саидовтың сотталғанға дейін түскен суреті.
Өзбекстандық құқыққорғаушы әрі тәуелсіз журналист Дилмурод Саидовтың сотталғанға дейін түскен суреті.

Өзбекстанда 10 жылға жуық уақыт түрмеде отырған құқыққорғаушы белсенді әрі тәуелсіз журналист Дилмурод Саидов бостандыққа шыққан. Бұл жаңалықты оның туыстарынан естігені жайлы Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик) Ташкентте тұратын журналист Абдурахман Ташанов хабарлаған. Оның айтуынша, 56 жастағы Саидов ақпанның 3-і күні Өзбекстан ішкі істер министрлігі жазаны орындау бас басқармасының 64/51 колониясынан босап шыққан.

- Дилмурод Саидов бірнеше сағат бұрын бостандыққа шыққан. Онымен телефон арқылы сөйлескен інісі Обид маған: "Ағам таксиге отырды, Ташкентке келе жатыр" деп айтты, - деген Абдурхаман Ташанов. Ол бұл хабарды анықтау үшін жазаны орындау бас басқармасына телефон шалғанын, ондағылар ақпаратты растағанын айтады. Оның сөзінше, Саидов Карши аудандық сотының шешімі бойынша мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

56 жастағы журналист әрі құқыққорғаушы Дилмурод Саидов 2009 жылы 22 ақпанда ұсталған. Саидов пен тағы үш адамды "алаяқтық" және "жалған құжат жасау" айыптары бойынша соттаған. 2009 жылы 30 шілдеде Самарқан облысы Тайлақ аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Саидовты 12 жылға бас бостандығынан айырған. 2012 жылы 10 тамызда Өзбекстан Жоғарғы соты үкімді күшінде қалдырған.

2013 жылы Науаи қаласындағы 64/36 колониясында жазасын өтеп жатқан Дилмурод Саидов өзін түрмеде азаптағаны, өлеңдері мен әңгімелерінің қолжабаларын тартып алып қойғаны туралы "Эзгулик" адам құқығын қорғау қоғамының Ташкент облыстық бөлімшесінің төрағасы Абдурахман Ташановтың атына арыз жазған.

Сол жылы 6 наурызда денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты Саидовты Ташкенттегі №18 арнайы колонияға (жұрт "Сангород" деп атайтын) ауыстырған. 2013 жылы күзде Саидовты Қарши қаласындағы №49 колонияға жөнелткен.

Түрмеге қамалғанға дейін Дилмурод Саидов бірнеше интернет-басылымға талдау мақалаларын жазып тұрған, ол Өзбекстандағы экономикалық-әлеуметтік жағдайды сынаған. 2009 жылы Саидов сотталғаннан кейін автокөлік апатынан 34 жастағы әйелі Барно мен 5 жасар қызы Рухшона мерт болған, ал 2014 жылы оның қарт анасы қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG