Accessibility links

Қазақстан құқық үстемдігі рейтингісінде 64-орында


World Justice Project халықаралық ұйымының құқық үстемдігі бойынша әлемдік рейтингісінде Қазақстан 64-орында – Индонезиядан төмен, Беларусьтан жоғары жайғасқан. Өткен жылғымен салыстырғанда Қазақстан 9 орынға көтерілген.

113 ел енгізілген бұл тізімді Дания, Норвегия мен Финляндия бастаған, ал ең соңында Венесуэла орналасқан. Постсоветтік елдерден Украина 77-орында, Молдова – 78, Қырғызстан – 82, Ресей – 89, ал Өзбекстан 91-орында тұр.

Құқық үстемдігі рейтингі 2010 жылдан бері жылда жарияланып отырады. Оны әзірлеген кезде мемлекеттегі құқықтық ортаны қамтамасыз ететін – билік институттары өкілеттіктерін шектеу, жемқорлықтың жоқтығы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтардың сақталуы, билік институттарының ашықтығы, заңдардың орындалуы, азаматтық сот, қылмыстық сот көрсеткіштері өлшемге алынады.

Авторитарлық және тоталитарлық режим орнаған елдерде "құқық үстемдігі" (Rule of Law) деген терминді әдетте "заң үстемдігі" деп қолданады. Құқыққорғаушылар ондай мемлекеттерде заңдар қазіргі заманғы құқық талаптарына сәйкес келе бермейтінін айтады.

Құқық үстемдігінің негізгі принциптері арасында билік бөлінісі, жеке тұлғаның бостандығы мен қадір-қасиетін қорғау бар.

XS
SM
MD
LG