Accessibility links

Қанат Сұлтанбековтің түрме жазасын ірі айыппұлға ауыстырды


Қазақстанның әскери соты.
Қазақстанның әскери соты.

Қазақстан әскери соты "парақорлық" айыбымен он жылға сотталған "Қазақстан инжиниринг" компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті бостандыққа шығарып, оған тағайындалған түрме жазасын ірі сомадағы айыппұлға ауыстырған деп хабарлады бүгін жергілікті баспасөз құралдары. Бұл туралы Әскери соттың қылмыстық істер бойынша алқасы ақпанның 2-і күні қабылдаған қаулы сот актілері базасында жарияланған.

Сұлтанбековке пара берген деген айыппен сотталған Израиль азаматы Гиль Смолинскидің түрме жазасы да айыппұлға ауыстырылған. Сот қаулысында Сұлтанбеков пен Смолинскиге шығарылған үкімнің "бас еркіндігінен айыру жазасын белгілеуге" қатысты бөлігі күшін жоятыны және жазалау шарасы ретінде Сұлтанбековке 2 миллиард 139 миллион 500 мың теңге, ал Смолинскиге – 536 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалатыны айтылған.

Сот бұл іс бойынша "пара алған" деген айыппен сотталған тағы екі адам - Мбэрэкрэхим Габдул-Кабиров пен Мұхтар Қарабековті айыпты деп таныған сот ұйғарымы мен шешімін "артық айып тағу және жаза тағайындау" тауып, үкімнен алып тастаған. Сотталушылардың апелляциялық шағымдары ақпанның 2-і күні қаралды деп хабарлады бүгін Tengrinews сайты.

Өткен жылғы қарашада Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соты Қанат Сұлтанбековті "пара алғаны үшін айыпты" деп танып, 10 жылға түрмеге қамауға үкім еткен болатын. Сонымен қатар сот оны мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырған. Қанат Сұлтанбеков 2017 жылы ақпанда "коррупциялық қылмыстарға қатысы бар" деген күдікпен ұсталған. Онымен бірге сегіз адам сотталған. Жабық өткен сот процесіне журналистер кіргізілмеген.

Қорғаныс саласындағы кәсіпорындарды біріктіретін "Қазақстан инжиниринг" компаниясының бірден-бір акционері "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры саналады. Компания 2016 жылдың желтоқсанынан бері қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқаруында.

XS
SM
MD
LG