Accessibility links

Италияда "африкалықтарға шабуылдаған" күдіктіге ауыр айып тағылды


Мачерата қаласында африкалықтарға шабуылдады деген күдікпен ұсталған Лука Траини. Италия, 3 ақпан 2018 жыл.
Мачерата қаласында африкалықтарға шабуылдады деген күдікпен ұсталған Лука Траини. Италия, 3 ақпан 2018 жыл.

Италия полициясы 4 ақпан күні Италияның орталық аймағында алты африкалықты өлтіруге оқталды делінген күдікті, 28 жастағы Лука Траини қылмысына өкінбегенін хабарлады. Күдікті тергеу кезінде қамауда болады. Траиниге қарсы нәсілдік жеккөрушіліктен кісі өлтірмек болды деген ауыр айып тағылған.

Италияның Мачерата қаласында 3 ақпан күні кешке жасалған шабуылдан бес ер адам мен бір әйел жараланған. Италия мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, зардап шеккендер Нигерия, Гана, Гамбия және Мали азаматтары.

Италия билігі Траиниді тінтіп, одан Гитлердің «Майн Кампф» кітабы мен басқа да еңбектерін және әдетте ақ нәсілділер қолданатын кельт айқышы бар ту тапты.

Траини былтыр мигранттарға қарсы «Солтүстік Лигасы» саяси партиясы атынан жергілікті сайлауға түсіп, жеңіліп қалған. ANSA ақпарат агенттігі Траинидің неофашистік ұйымдармен байланысы болғанын хабарлайды. Полиция жариялаған суреттерде Траинидің бетіне неонацистік сурет салынғанын және мойнына Италия туын орап алғанын байқауға болады.

Мачерата полициясының полковнигі Мишель Роберти Sky TG24 телеарнасына Траинидің африкалықтарға оқ атқанына еш өкінбейтінін айтты. Полиция жорамалына қарағанда, Траини бұл қылмысын 18 жастағы Памела Мастропьетро есімді әйелді өлтіріп кеткеніне кек алу үшін істеген. Бірнеше күн бұрын Мачератада Мастропьетроның өлі денесі табылған еді. Оның өліміне күдікті ретінде Нигерия азаматы ұсталған.

XS
SM
MD
LG