Accessibility links

"А-студио" мүшесі "Украинаға кіргізілмеді"


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Украинаның шекара қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Украин қызметінің хабарлауынша, қазақстандық-ресейлік А-студио тобының бір мүшесі Украинаға кіргізілмей "Киев" әуежайынан Алматыға кері қайтарылды. Бұған Ресей азаматтығы бар топ мүшесінің Қырым түбегіне "заңсыз" өтуі негіз болған.

Шекарашылардың хабарлауынша, ақпанның 4-інде "Фарнборо-Киев" рейсінің жолаушыларын тіркеу кезінде Украина шекарасын Қырым түбегіндегі уақытша істемейтін кеденнен өтіп, заң бұзды деген күдікпен Ресей федерациясының азаматы ұсталған.

Хабарламада: "Анықталғандай, ресейлік композитор әрі "А-студио" тобының мүшесі ер адам 2016 жылдың қарашасында уақытша оккупацияланған Қырым автономиялық республикасының аумағында болған" деп жазылған.

Шекарашылар "А-студионың" кері қайтарылған мүшесінің аты-жөнін атамайды. Олардың мәліметінше, Ресей азаматына Украинаға кіруге үш жылға тыйым салынған.

Украинаның мемлекеттік шекара қызметі былтыр 817 шетелдік мәдениет және өнер адамы "Қырым түбегіне заңсыз барған" деп күдіктеніп отыр. Олардың 104-не ел аумағына кіруге тыйым салынған.

Украина заңнамасы бойынша, Қырым түбегіндегі кеденнен өту ережесін бұзған шетелдіктер мен украиналықтарға Украинаға кіруге тыйым салынуы мүмкін. Елдің қылмыстық және әкімшілік кодекстерінде Қырымға баруға болатын кейбір жағдайлар жазылған.

XS
SM
MD
LG