Accessibility links

Ақтөбе соты: Мектеп директорларының әрекеті заңды


Ақтөбедегі директоры орамал тартатын қыздарды сабаққа кіргізбей қойған №40 мектеп (Көрнекі сурет).

Ақтөбе қалалық соты мектеп директорларының ісін заңсыз деп тану туралы ата-аналар жазған тоғыз шағымның сегізін қанағаттандырмады. Ақтөбе қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалалық соттың қарауында қазір орамал дауына қатысты бір ғана іс қалған. Сот бұған дейін «орамал дауы» бойынша №13, 23, 36, 40, 48, 49, 60 және 62-мектеп директорларының үстінен жазылған шағымды қанағаттандырмаған.

«Қазақстандағы «Білім туралы» заңның 49-бабына сәйкес, ата-аналар міндетті мектеп формасына қатысты талапты орындауы тиіс. Одан бөлек, білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 14 қаңтарда шыққан №26 бұйрығы да бар. Бұл заңдылықтардың бәрі оқушыларды мектеп формасын сақтауға міндеттейді. Сондықтан, мектеп директорларының әрекеттері заңды деп танылды» деп хабарлайды қалалық сот.

Ақтөбе қалалық сотының қарауындағы «орамал дауына» байланысты соңғы іс 15 ақпан күні қаралады. Шағымданушы Қайрат Жармағамбет соттан екі баласы білім алып жүрген Ақтөбедегі №10 мектеп директоры Гүлайым Иманованың ісін заңсыз деп тануды сұрап отыр. Қайрат Жармағамбеттің айтуынша, оның №10 мектептің 8 және 9-сыныбында оқитын екі қызын Гүлайым Иманова 8 қаңтардан бері мектепке кіргізбей қойған.

Оқи отырыңыз: "Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр

Ақтөбе облыстық дін істері департаменті бұған дейін оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын кем дегенде 210 қыз бала мектепке бара алмай отырғанын хабарлаған еді. Департаменттің соңғы дерегінше, қазір бұл сан 173-ке дейін азайған.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті бұған дейін Ақтөбе облысында «орамал дауына» орай балалары мектепке бармай отырған он ата-ананың әрқайсына 12025 теңгеден айыппұл салынғанын, ал тағы екі ата-анаға айыппұл салу үшін құжаттары әзірленіп жатқанын хабарлаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG