Accessibility links

Қарағандыда «террорлық топқа қосылмақ болған» әйел сотталды


«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылу үшін Сирияға кетпек болды» деп айыпталған Жансая Т. есімді әйелдің соты. Қарағанды, 6 ақпан 2018 жыл.
«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылу үшін Сирияға кетпек болды» деп айыпталған Жансая Т. есімді әйелдің соты. Қарағанды, 6 ақпан 2018 жыл.

Қарағандының ауданаралық мамандандырылған соты Жансая Т. Есімді әйелді «террорлық ұйым жұмысына қатысуға дайындалды» және «кәмелет жасына толмаған адамды ұйым жұмысына үгіттеді» деп айыптап, тоғыз жылға соттады. Тергеу ісі бойынша, «Отыз жастағы әйел ДАИШ террорлық ұйымына қосылып, өзімен бірге кәмелет жасына толмаған туысын Сирияға әкетпек болған».

5 ақпанда өткен сотта судья Қасымов сотталушының айыбы «дәлелденгенін» айтқан. Жарыссөзде Жансая Т. мен оның адвокаты қылмыстық істе «заң бұзушылық көп болғанын» мәлімдеген. Сотталушы «кәмелетке толмаған баланы өзімен бірге Сирияға әкетпек болды» деген айыптың «асығыс тағылғанын» айтады. Ол «шын мәнінде террорлық ұйымға қосылмақ ойы болмағанын», тек «Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) қызметкерлерінің айтқандарын орындағанын» айтып, соттан өзін ақтауды сұраған. Сотталушының сөзінше, «күйеуі және тағы басқа бірнеше адамға жапа шектірген әлдебір содырды ұстау үшін оған ҰҚКД қызметкерлері ұсыныс» жасаған.

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкері мені күйеуімнің ұсталуына себеп болған адамның сеніміне ие болуға көндіруге тырысты. Мені үш қаланың комитет қызметкерлері аңдыды, үгіттеді. Мұны тоқтату үшін айтқандарына көндім. Әлгі адамды тауып, ұстап беруге бел будым. Жолға шығарда мені ұстап алды, - деген сотталушы жарыссөзде.

Прокурор сот төрағасын күдіктінің «муджахедтермен сөйлесіп», оларға «медициналық көмек көрсетуге бармақ» болғанын айтып, жауаптарға «сыни қарауға» шақырған. Мемлекеттік айыптаушы соттан күдіктіге тоғыз жыл түрме жазасын кесуді сұраған.

Жансая Т. 2017 жылдың қыркүйегінен бері қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG