Accessibility links

Астанада құрылысшылар министрдің сөзін жоққа шығарды


Абу Даби плаза кешенін салған жұмысшылар өздерін жұмыстан шығарғанына наразылық танытып танытып тұр. Астана, 6 ақпан 2018 жыл.
Абу Даби плаза кешенін салған жұмысшылар өздерін жұмыстан шығарғанына наразылық танытып танытып тұр. Астана, 6 ақпан 2018 жыл.

Астанада «Абу Даби плаза» кешенін салып жатқан ондаған жұмысшы 6 ақпан күні тағы да құрылыс басына жиналып, жұмыс беруші фирмалардың өздерін заңсыз жұмыстан шығарғанына наразылық танытты. Олар өздерінің төрт фирмада жұмыс істейтінін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтқандай 62 жұмысшы емес, 400 адамның «ескертусіз жұмыстан шығарылғанын» мәлімдеді.

«Қазинжиниринг» фирмасында жұмыс істейтінін айтқан Мақсат Ахметов Азаттыққа төрт фирмадан «ескертусіз жұмыстан шығарылғандар саны 62 емес, 400 адамбыз» деп, министрдің сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, жұмыстан шығарылғандар арасында еңбек демалысында жүргендер де бар. Ахметов 400 жұмысшы «Казинженер провайдер», «ЭкпоСтрой», «Казстрой» және «World monitoring» деген төрт фирмада жұмыс істегенін айтады. Мақсат Ахметов басшылық өздерін «Еңбек кодексінің» 49-бабы бойынша, «өз еркімен» жұмыстан кету туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлеп жатқанын айтады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бүгін журналистерге «Абу Даби плаза» кешенін салып жатқан ондаған құрылысшының жұмыстан шығарылуына» қатысты комментарий берген. Министрдің айтуына қарағанда, еңбек заңына сай, жұмыс беруші жұмысшыны қабылдағанда еңбек шартында мынадай уақытқа жұмысқа тартылады деп көрсетуі керек.

«Абу Даби плазадағы» төрт мекеме өздерінің атқаратын жұмыс уақытын белгілеп, мына уақытта жұмыс бітеді деп көрсеткен. Қазір сол компаниялардың біздің еңбек инспекторымызға берген ақпараты бойынша, жұмыс аяқталды деген хабарлама келісім-шартқа қол қойған әрбір жұмысшыға берілген. Кеше Астананың еңбек инспекторлары ол жерде болып, жұмыс берушілермен және жұмысшылармен сөйлесті. Олар тағы бір жұмыс берушілерді қызметкерлеріне жұмыстың біткені туралы ақпарат беру керегін және бір айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуі тиіс екенін ескертіп, ол туралы келісім жасасты. Жұмысшыларға өтемақы төленіп, жұмыстың аяқталғаны туралы хабарландыру берілген соң қосымша хабарлаймыз» деді.

Министр «Еңбек кодексі» бойынша, жұмыс беруші егер экономикалық жағдайы нашарлауына байланысты жұмысшыларын жаппай жұмыстан босатса, онда екі айлық көлемінде өтемақы төлеуі тиіс екенін айтты.

«Егер жұмыс көлемі азайса және ол туралы жұмысшымен еңбек келісім-шартын жасасатын кезде келісілсе, онда ол жұмыс көлемінің азабына байланысты жұмыстан босатылады да, бір айлық жалақысына тең өтемақы төленеді» деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің ақпаратына қарағанда, «Абу Даби плаза» кешенінде барлығы 11 компания жұмыс істейді және әрқайсысының өзіне алған жұмыс көлемі әртүрлі. Ол жергілікті еңбек инспекциясына сілтеп, «төрт компанияға қатысты 62 жұмысшыға осындай хабарландыру берілуі тиіс болғанын» айтты.

Азаттық тілшісі құрылысшыларды жұмыстан шығарды делінген «Каз инжиниринг» фирмасына барғанымен, әзірге мердігер компанияның өкілдерінен мәселеге қатысты пікір алу мүмкін болмады.

Жоспар бойынша, «Абу Даби палаза» кешені Орта Азиядағы ең биік ғимарат болуы тиіс. Құрылысы 2016 жылы аяқталады деген ғимарат әлі пайдалануға берілген жоқ.

XS
SM
MD
LG