Accessibility links

Анар Мешімбаева бостандыққа шықты


Анар Мешімбаева сот залында өзіне шыққан үкімді тыңдап тұр. Астана, 14 ақпан 2014 жыл.
Анар Мешімбаева сот залында өзіне шыққан үкімді тыңдап тұр. Астана, 14 ақпан 2014 жыл.

Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы, «қаржы жымқырды және қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен сотталған Анар Мешімбаева бостандыққа шықты деп хабарлады жергілікті агенттіктер.

Today.kz сайтының Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне сілтеп хабарлауынша, Мешімбаева жаза мерзімін толық өтеп, 6 ақпан күні таңертең бостандыққа шыққан.

Астананың Есіл аудандық соты Анар Мешімбаеваны 2014 жылы 14 ақпанда 7 жылға соттаған. Сот оны 2009 жылы жүргізілген ұлттық халық санағы кезінде «бюджеттің 700 миллион теңгеден көп қаржысын жымқырған және қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекетке 3 миллион теңгеден астам зиян келтірген» деп айыптаған. Сот Мешімбаеваның дүние-мүлкін тәркілеп, бес жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салған. Мешімбаева сотта өзінің «кінәсіз екенін» бірнеше рет мәлімдеген.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотының апелляциялық алқасы Мешімбаеваға қатысты алғашқы сот инстанциясының үкімін өзгертпеген.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы рақымшылық жасау туралы жарлығымен Мешімбаеваның жазасы бес жылға азайтылған.

Анар Мешімбаева жазасын Алматы облысы аумағындағы ЛА-155/4 мекемесінде өтеді.

2009 жылдың қазан айында статистика агенттігі төрайымы қызметінен босатылған соң Қазақстаннан кетіп қалған Анар Мешімбаева Мәскеуде ұсталып, 2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға экстрадицияланған.

XS
SM
MD
LG