Accessibility links

Ерімбетовтің денсаулығына туыстары алаңдайды


Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова (алдыңғы қатарда). Алматы, 9 қаңтар 2017 жыл.
Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова (алдыңғы қатарда). Алматы, 9 қаңтар 2017 жыл.

"Қаржы жымқыру" және "ақшаның ізін жасыру" айыптары бойынша Алматыда тергеу абақтысында отырған 46 жастағы кәсіпкер Ескендір Ерімбетовке медициналық көмек көрсетілмей жатыр". Бұл туралы кәсіпкердің анасы Ғайни Ерімбетова Facebook-гі парақшасында жазды.

Ерімбетова жазбасында баласына дәрігер көмегінің көрсетілмеуін азаптаумен теңейді. Сөзіне дәлелі ретінде ол Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаеваға "сол жақ бүйірінің ауыратыны туралы" қолмен жазған хатының суретін жариялаған. Хатта кәсіпкер абақты дәрігерлерінің тексеріп тұратынын, бірақ өзі күткендей жәрдем жасалмайтыны жайлы баяндаған.

Ғайни Ерімбетова тергеу абақтысы бастығының емдеу, алдын-алу ісі жөніндегі орынбасары капитан Арай Мәдидің адвокат Балғабаеваға жазған жауабын жариялаған. Ақпанның 6-сында келген хатта капитан Мәди қамаудағы Ерімбетовтің шағымын жоққа шығарған.

Ақпанның 2-сі бірнеше құқық қорғаушы Ерімбетовтың денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Қаңтардың 24-і Қазақстанның жемқорлықпен күрес қызметі Ерімбетовтің денсаулығына байланысты туыстарының шағымдарын жоққа шығарып баспасөз хабарламасын таратқан.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр қарашаның 13-і тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовке сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды.

15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешім «заңды» деген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG