Татарстандық белсенді, Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын сынағаны үшін үш жыл түрмеде отырып шыққан Рафис Кашапов Азаттықтың Татар-башқұрт редакциясына Ресейден кетіп қалғанын хабарлады. Азаттыққа сұхбатында ол қазір Киевте екенін және Украинадан, я басқа елден саяси баспана сұрамақ ниетте екенін айтты.
Кашапов Қырым аннексиясын ашық түрде сынағаны үшін «сепаратизм және ұлтаралық алауыздықты қоздыру» айыбымен сотталған алғашқы ресейлік саналады. Ол жазасын өтеген Комидегі колониядан былтыр 27 желтоқсан күні босап шыққан. Белсендінің айтуынша, өзіне қарсы қозғалған істің саяси астары бар.
Кашапов Азаттықтың Татар-башқұрт редакциясына Татарстандағы дереккөздері өзіне қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін хабарлаған соң елден кетіп қалғанын айтты. Ол бұдан бұрын босап шыққаннан кейін берген сұхбаттарының бірінде Ресей билігін қатты сынап, Ресейдегі бостандыққа шығуын «шағын түрмеден үлкен түрмеге шыққанмен бірдей» деп атаған.
Кашапов 2014 жылы желтоқсанда әлеуметтік желілерде Мәскеуді Қырым татарларының құқығын бұзып отыр деп айыптаған жазба жариялаған соң қамалған. Ол сонымен қатар Ресейдің Украина шығысындағы қақтығысқа килігуін де айыптаған.
Рафис Кашапов Татарстандағы үкіметтік емес топ Татар қоғамдық орталығын басқарады. Топ татарлардың ұлттық бірегейлігін, тілі мен мәдениетін сақтау жұмыстарын жүргізеді. Ресейдің «Мемориал» құқық қорғау ұйымы Кашаповты саяси тұтқын деп таныған.