Accessibility links

Дағыстанда мәскеулік тергеушілер ауқымды тінту жүргізіп жатыр


Дағыстандағы полиция қызметкерлері (Көрнекі сурет).
Дағыстандағы полиция қызметкерлері (Көрнекі сурет).

Росгвардия мен Ресей ішкі істер министрлігі (ІІМ) Дағыстанда жол-патруль полициясы бекеттеріндегі жеке құрамдардың ауыстырылғаны туралы ақпаратты терістеді. Росгвардияның Дағыстан республикасы бойынша басқармасының бастығы Магомед Баачиловтің айтуынша, ІІМ-нің іссапарға жіберілген қызметкерлері Дағыстандағы жол-патруль бекеттерінде 2010 жылдан бері қызмет етеді және олардың пайда болуы министрліктердегі тінтулермен байланысты емес.

7 ақпан күні Дағыстанда Мәскеуден барған тергеушілердің «аймақтың билік құрылымдарын декриминализациялау» шарасы аясында ауқымды тінту жүргізгені белгілі болған. Қаржы, денсаулық сақтау, білім және ішкі істер министрліктері мен сот орындаушылары қызметі басқармасынан құжаттарды алып кеткен. «Интерфакс» агенттігінің өз дереккөзіне сілтеп хабарлауынша, Дағыстанда жол-патруль бекеттерінде жеке құрамдар толық ауыстырылған. Олардың орнына Ресейдің басқа аймақтарынан барған Росгвардия қызметкерлері қойылған.

Бұл шара аяқталғанға дейін Дағыстанның жоғары шенді шенеуніктеріне шетелге шығуға тыйым салынған.

2017 жылы күзде Дағыстан басшысы болып Владимир Васильев тағайындалған. Ол бұған дейін Мемлекеттік думадағы «Единая Россия» партиясы фракциясының жетекшісі болған еді. Васильев тағайындалған соң Дағыстанда мәскеулік тергеушілермен бірге тексеру жүргізуге уәде берген. Прокуратура, ІІМ мен Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия қаңтардың соңында республикаға барған.

5 ақпанда Дағыстан үкіметінің уақытша басшысы Абдусамад Гамидов пен оның екі орынбасары және республиканың экс-білім министрі Шахабас Шахов тұтқындалған. Олар бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен екі айға қамалды.

Васильев шенеуніктер тұтқындалған соң Дағыстан үкіметінің басшысы етіп Татарстанның экономика министрі Артем Здуновты тағайындауды ұсынды. 7 ақпан күні республиканың Халық кеңесі ол ұсынысты қолдады. Депутаттар Дағыстан тұрғындары өзге аймақтың шенеунігін тағайындауға қарсылық білдіргеніне қарамастан Здуновтың кандидатурасын қолдады.

РБК бұған дейін өз дереккөздеріне сілтеп Васильевтің Дағыстан «тұрғындары өмір сүретін ойын ережесін өзгерткісі келетінін» және Дағыстанда «кадр сапасы төмен болғандықтан, бұл мәселеде Татарстаннан үлгі алмақ екенін» хабарлаған.

XS
SM
MD
LG