Accessibility links

Бішкек соты оппозиционерлер үкімін өзгертпеді


Қырғызстанның оппозициялық саясаткерлері Бектур Асанов (сол жақта) пен Кубанычбек Кадыров.
Қырғызстанның оппозициялық саясаткерлері Бектур Асанов (сол жақта) пен Кубанычбек Кадыров.

Бішкек қалалық соты «билікті басып алмақ болды» деген айыппен сотталған оппозициялық төрт саясаткерге қатысты сот үкімін өзгертпеді. Апелляция сотының шешімі оқылатын кезде сот залында белсенділер Дастан Сарыгулов, Бектур Асанов пен Эрнест Карыбеков қана болды, Кубанычбек Кадыров қатысқан жоқ.

Бұған дейін Эрнест Карыбековтің әйелі Эльмира Карыбекова Бектур Асанов сот отырысына қатыспағанын, ал Карыбеков пен Кадыровты шешім жарияланатын кезде залдан шығарып жібергенін хабарлаған еді. Ол Facebook-те «Екеуі де өздеріне сотта соңғы сөз берілмегенін айқайлап айтып үлгерді, ал судьялар кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Сот шешімі сотталушылардың сыртынан оқылатын сияқты» деп жазған.

Істі қараған судья екі сотталушының да залдан «соңғы сөздерін айтуға дайын болмағандықтан» шығарылғанын мәлімдеді.

Бішкектің Первомай аудандық соты 2017 жылы 17 сәуірде «билікті басып алмақ болды» деген айыппен Эрнест Карыбековті 20 жылға, Кубанычбек Кадыров пен Бектур Асановты 12 жылға, ал Дастан Сарыгуловты төрт жыл шартты мерзімге соттаған. Аудандық сот шешіміне келіспеген белсенділер Бішкек қалалық сотына шағымданған. Екі сот та жабық өтті.

Осы айдың басында қамаудағы Бектур Асанов, Эрнест Карыбеков пен Кубанычбек Кадыров өздерінің құқығы бұзылғанына наразылық танытып, аштық жариялаған. Қырғызстанның жазаны атқару мемлекеттік қызметінің ресми өкілі Александр Никсдорф журналистерге саясаткерлерді дәрігерлер бақылауға алғанын және жағдайлары «салыстырмалы түрде тәуір» екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG