Accessibility links

Назарбаев: Ескі үйлерді бұзу керек


Орал қаласындағы совет заманында салынған ескі үйлердің бірі (Көрнекі сурет).
Орал қаласындағы совет заманында салынған ескі үйлердің бірі (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ескі үйлерді бұзу керегін тағы да мәлімдеді. Президенттің сөзінше, ескі үйлерден босаған жерді бизнес жасауға беру керек. Бірақ Назарбаев нақты қай жерде ескі үйлерді сүру керегін айтпады.

«Тұрғындарды көшіру үшін қолжетімді үйлер салып жатырмыз. Жұрт ақша табу үшін жаңа үйлерін жалға беріп, ескі үйлерде әлі тұрып жатыр. Мүмкін, ол адамның көзқарасы бойынша дұрыс та шығар... Ескі үйлерді бұзуымыз керек» деді Назарбаев Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген жиынында.

Назарбаевтың пікірінше, бұл мәселеде «мемлекет – жекеменшік серіктестік құралын» қолдану керек.

«Мысалы, төрт қабатты «хрущевка» үйлері, қазір оларға 60-70 жыл болған. Ескі үйлерді бұзып, жерін бизнеске беру керек. Бұл тиімді. Бизнес пайда көреді. Олар негізінен қаланың орталығындағы жақсы жерлер. Қаланың сырт келбетін көрікті қылады. Бұдан бөлек, халықтың жақсы үйге көшуіне мүмкіндік туады» деді Назарбаев.

Президент мұның алдында мемлекет пен халықты тонауға жол бермеуге шақырып, үкімет басшысы мен министрлерге бірнеше ескерту жасаған.

2017 жылы 21 сәуірде Астанада халықаралық көрмеге дайындық мәселелеріне арналған жиында Назарбаев «қала көркін бұзатын» ескі үйлердің әлі де қалғанына ашуланған. Ол Астанадағы жер үйлердің суретін көрсетіп, қала әкімі Әсет Исекешевке қарата «Ол жерге туристер барады, суретке түсіріп, әлемге көрсетеді. Бетін жуып-шайғансыңдар, ал арты жыртық» деген. Назарбаев ол кезде Астананың орталығын «ескі үйлер мын нысандардан босатуға» шақырған.

XS
SM
MD
LG