Accessibility links

Ағылшын журналисі айыппұл салынып, Қырымнан шығарылды


Мэдлин Роуч, ағылшын журналисі.
Мэдлин Роуч, ағылшын журналисі.

Ағылшын фрилансер журналисі, постсоветтік елдердегі адам құқығының бұзылуы тақырыбында жазатын Мэдлин Роучқа Симферопольдің Центральный аудандық соты айыппұл салды. Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, журналисті Ресей аннексиялап алған Қырым аумағынан кетуге мәжбүрлеген.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Роучты 7 ақпан күні таңертең Симферопольдегі хостелде ұстаған. Мұнда ол Қырымға барған сапарында аялдаған. Роуч Қырым аумағында Ресей сыртқы істер министрлігінде аккредитациядан өтпей журналистік қызметпен айналысты және медициналық сақтандыру алмады деп айыпталды. Полиция бөліміндегі тергеуден соң Роучты «шетел азаматының Ресейге кіру және жүріп-тұру тәртібін бұзуы» деген бап бойынша соттады.

Полицейлердің өзі тағайындаған адвокат Андрей Семенец Роучқа кінәсін мойындауды, айыппұл төлеп, Қырымнан кетіп қалуды талап еткен. Журналист сотта ешқандай редакция тапсырмасын орындамағанын, Қырымға өз жазбаларындағы кейіпкерлермен танысуға барғанын айтты. Полицейлер журналиске оның Қырым татарлары саяси тұтқындарының туыстарымен кездесуден видео түсіріп, ұялы телефонмен жібергені туралы ақпарат алғанын айтты.

Роуч сотта Ресейге виза алу үшін медициналық сақтандыру жасатқанын мәлімдеген еді. Бірақ полицейлер оған «Қырымға бару үшін арнайы сақтандыру» керегін айтты. Журналистке төрт мың рубль айыппұл салынып, сол күні Қырымнан кетіп қалды.

Мэдлин Роуч Moscow Times, Newsweek, The Globe and Mail-ге және басқа да басылымдарға Қырымдағы адам құқықтарының бұзылғаны және Қырым татарларының қудаланғаны туралы материалдар жариялаған.

XS
SM
MD
LG