Ирактың жоспарлау министрі Салман әл-Джумайли 12 ақпанда халықаралық конференцияда «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымымен үш жыл соғыстан кейінгі Иракты қалпына келтіруге 88,2 миллиар долар қажет екенін мәлімдеді.
«Иракты қалпына келтіру Ирактың үмітін оятады, ал Иракта тұрақтылық орнату аймақтағы және әлемдегі тұрақтылыққа кепіл болады» деді Ирак министрі Кувейтте өткен жиында. Конференцияда донорлар мен инвесторлар Ирак экономикасы мен инфрақұрылымын қалпына келтіру мәселесін талқылап жатыр.
Ирактың ИМ-мен күресіне қолдау көрсетіп отырған халықаралық коалицияны басқаратын АҚШ өкілдері Вашингтон конференцияда қаржы бөлуге уәде бермейтінін мәлімдеді. Ирак билігі өкілдері мемлекеттер кредиторларға кепіл бола отырып, Ирактың жобаларды қаржыландыру үшін жеңілдетілген несие алуына көмектесе алатынын айтты.
Ирак ИМ-нің 2014 және 2015 жылдары Иракта басып алған жерінің барлығын қайтарып алған соң былтыр желтоқсанда бұл экстремистік ұйымды жеңгенін жариялаған. ИМ-нен босаған аумақтағы инфрақұрылым қирап, миллиондаған адам босып кеткен.
АҚШ 2003 жылы Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейн билігін құлатқан соң Иракқа миллиардтаған доллар қаржы құйылған. ИМ Иракқа басып кірген 2014 жылға дейін елде бүлік пен діни сипаттағы зорлық-зомбылық өршіп кеткен еді.