Accessibility links

Ан-148 ұшағы құлаған аумақтан құрбандардың дене бөлшектері табылды


Ан-148 ұшағы құлаған аумқта жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. Мәскеу облысы, 12 ақпан 2018 жыл.
Ан-148 ұшағы құлаған аумқта жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. Мәскеу облысы, 12 ақпан 2018 жыл.

Құтқарушылар отряды Мәскеу түбіндегі Ан-148 жолаушылар ұшағы құлаған аумақтан ұшақтың 500-ге тарта сынықтары мен қаза тапқан адамдардың шашылып қалған мыңға жуық дене бөлшектерін тапты. Бұл жайында ТАСС агенттігі Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің штабына сілтеме жасап хабарлады.

11 ақпанда Мәскеудің «Домодедово» әуежайынан Орск қаласына бет алған Ан-148 ұшағы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан кейін радардан жоғалып кеткен. Кейін оның Мәскеу түбінде құлағаны белгілі болған.

Ұшақ сынықтары Раменский ауданы Степановское кенті маңында 30 гектар аумақтан табылды. Ұшақ бортында болған 71 адам – 65 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі түгел қаза тапқан.

Орск әкімшілігінің баспасөз хатшысы Елена Абрамова бұған дейін ұшақ бортында Швейцария, Әзербайжан және Қазақстанның азаматтары да болуы мүмкін екенін хабарлаған. «Болжам бойынша, үш шетел азаматы – Швейцария, Әзербайжан және Қазақстан азаматы болған. Әзірге Қазақстан азаматына қатысты мәліметтер нақтыланып жатыр» деген Абрамова.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов министрлік мәліметі бойынша, құрбандар арасында Қазақстанда туып-өскен, 1988 жылы Қызылорда облысында туған әйел барын хабарлаған. «Әңгіме сол туралы болуы мүмкін. Бәлкім, [БАҚ-та] азаматтығын шатастырып алған болар. Қалай болғанда да, бұл ақпаратты тексереміз» деген Жайнақов.

12 ақпанда ұшақтың екінші «қара жәшігі» табылған. Ұшақ апатының себептері мен қалай болғаны анықталып жатыр. Ұшақ апатының себебі туралы ресми ақпарат әзірге жарияланбады.

XS
SM
MD
LG