Accessibility links

YouTube Навальныйдан Дерипаска туралы видеосын өшіруді талап етті


Настя Рыбка, Алексей Навальный қоры Олег Дерипаскаға қатысты зерттеу жүргізуге себеп болған модель.
Настя Рыбка, Алексей Навальный қоры Олег Дерипаскаға қатысты зерттеу жүргізуге себеп болған модель.

YouTube сервисі ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың NavalnyLive каналы иесіне бизнесмен Олег Дерипасканың шағымы бойынша тыйым салынған Навальныйдың видеосын өшіруді талап етіп хат жолдады. Бұл жөнінде Twitter-де канал продюсері Оксана Баулина хабарлады.

Хатқа өшірілуі тиіс контент ретінде 8 ақпан күні шыққан «Навальный 2018» трансляциясы жазбасының сілтемесі тіркелген. YouTube сервисі «Роскомнадзор» трансляцияның интернет адресін тыйым салынған материалдар тізіміне қосқанын айтып, канал иесіне видеоны өз еркімен өшіруді ұсынған. Сервис егер канал иесі видеоны өз еркімен өшірмеген жағдайда бұғатталуы мүмкін екенін ескерткен.

Ресейдің Краснодар аймағы, Усть-Лабинс аудандық соты 9 ақпан күні Олег Дерипасканың Анастасия Рыбкаға (Анастасия Вашукевич) қарсы шағымын қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Бұдан соң Ресейдің ақпараттық технология және телекоммуникация саласына бақылау жасайтын «Роскомнадзор» мекемесі Дерипасканың шағымына қатысты сот шешімі бойынша Навальныйдың «Жемқорлықпен күрес қорының» зерттеуі туралы видеоны Ресейде жариялануға тыйым салынған ақпараттардың Ортақ реестріне енгізген. Дерипаска Алексей Навальныйдың Анастасия Рыбканың Instagram-дағы суреттеріне негіздеп жасаған зерттеуінен соң Анастасия Рыбканы өзінің жеке өміріне қатысы заңсыз ақпарат таратты деп айыптаған.

«Роскомнадзор» 9 ақпан күні-ақ Азаттықтың Орыс редакциясына Навальный қорының зерттеуі туралы видеоның тыйым салынған ақпараттардың Ортақ реестріне енгізілгенін ескерткен.

Көре отырыңыз: Яхталар, олигархтар, қыздар: "жігіт аулағыш қыз" жемқорларды қалай әшкереледі?

XS
SM
MD
LG