Accessibility links

Ақтөбе облысы: Үш ауылда ірі қара бруцеллезінен шектеу жарияланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысының Ойыл ауылындағы мүйізді ірі қара жаппай бруцеллез жұқтырып, Қаратал, Ақшатау және Кемер ауылдарында шектеу шаралары жарияланды. Бұл туралы Азаттыққа Ойыл ауданының тұрғындары хабарлады.

Қаратал ауылының тұрғыны Сәндіғали Мырзағалиевтың айтуынша,13 бас сиыры бруцеллез жұқтырып, қорасы бос қалған. Ол қорасында енесінен айырылған бұзауды дүкеннен сүт сатып алып, бағып отырғанын айтады.

Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаеваның сөзіне қарағанда, карантиннің қашанға дейін созылатыны белгісіз. Жуырда Ойылда тағы 101 бас мүйізді ірі қара мен 11 бас уақ малдың бруцеллез екені анықталып, көзі жойылған.

- Бруцеллезге шалдыққан малдың еті кей жағдайда жеуге жарамды, кей жағдайда жарамсыз болады. Ет «жеуге жарамсыз» деп танылса, мал иесіне өтемақы төленеді. Мысалы, мүйізді ірі қара орта есеппен 160 мың теңге тұрады десек, мемлекет сол қаржының 30 пайызын қайтарады. Ал бруцеллез болса да, еті жеуге жарамды мал сойылып, саудаға салынады, - дейді Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева.

Ойыл ауданының үш ауылында бруцеллезге байланысты шектеу шаралары жарияланғандықтан жергілікті ветеринарлар қаңтар айынан бастап малды жаппай тексеруге кіріскен.

Бұлбұл Күзембаева тұрғындардың «ветеринарларды қорасына кіргізгісі де, ауру малының көзін жойғысы да келмейтінін» айтады. Сонымен қатар, аудан әкімі бүгінге дейін Ойылдағы малдың 70 пайызы тексерілгенін хабарлады. Соңғы тексерулерде карантин жарияланған үш ауылда ауру малдың әлі де бар екені анықталған.

XS
SM
MD
LG