Accessibility links

Саакашвили Украинаға оралу ниеті барын айтты


Михаил Саакашвили. Варшава, 13 ақпан 2018 жыл
Михаил Саакашвили. Варшава, 13 ақпан 2018 жыл

Михаил Саакашвили Украина территориясына заңды жолмен қайтып бару туралы жоспары барын айтты. Одесса облысының бұрынғы губернаторы және Грузияның бұрынғы президенті Польшадан саяси баспана сұрамайтынын мәлімдеді. 13 ақпанда Варшавада өткізген баспасөз мәслихаты кезінде саясаткер Украинадан басқа ешбір елдің азаматы емес екенін ескертті.

Бұған дейін Саакашвилидің Еуропа Одағы мен Германия канцлері Ангела Меркельдің жәрдем сұрап, Украина құлағалы тұр деп айтқаны хабарланған. Украиналық "Жаңа күш қозғалысының" жетекшісі өзін президент Петр Порошенко елден шығартты деп санайды. Оның сөзінше, Порошенко Украинаны құртып тынбақшы, жемқорлықпен күресетін өзі сияқты адамдардан арылып жатыр.

12 ақпанда Киевте бір топ арнайы жасақ Саакашвилиді ұстап әкетіп, Польшаға ұшақпен шығарып жіберген. "Жаңа күш қозғалысы" партиясы бұл әрекетті "адам ұрлау" деп атаған.

Украинаның қауіпсіздік қызметі Азаттыққа Саакашвилиді ұстамағанын мәлімдеді, ал полиция Reuters-ке бұл шараға өздерінің қатысы жоқ екенін айтқан.



2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оған Украина президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы қызметін ұсынған еді. Бірақ Саакашвили 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін президентті қатты сынай бастаған.

2014 жылғы батысшыл Еуромайдан шеруінен кейін Ресейге қашқан Виктор Януковичтің орнына сайланған Петр Порошенко былтыр шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған.

Қыркүйекте Саакашвили Польша жақтан Украинаға кіріп, Порошенкоға қарсы оппозициялық топтың жетекшісіне айналған және бірнеше рет сотқа тартылған. Украина билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптайды. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.

XS
SM
MD
LG