Accessibility links

Путин штабы федералдық телеарналардағы дебаттан бас тартты


Владимир Путиннің сайлауалды штабында жұмыс істеп отырған ерікті. Қазан, 25 қаңтар 2018 жыл.
Владимир Путиннің сайлауалды штабында жұмыс істеп отырған ерікті. Қазан, 25 қаңтар 2018 жыл.

Ресей президенттігіне кандидат Владимир Путиннің сайлау штабы федералдық телеарналардың тегін эфиріне дебатқа шығудан бас тартты. Ресей Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) басшысы Элла Памфилованың айтуынша, бұл туралы мәлімдеме комиссияға 10 ақпан күні түсіп, ол жайында «телерадио хабарларын тарату ұйымдарына» бірден хабарланған.

ОСК хатшысы Майя Гришина Путиннің штабы федералдық телеарналар эфиріндегі дебаттардан бас тартқанымен, аймақтық телеарналардағы дебат уақытынан бас тартпағанын нақтылады. Майя Гришинаның ТАСС агенттігіне айтуынша, Путин штабы эфирде үгіт-насихат материалдарын жариялай береді.

Дебат өткізу жеребесіне барлығы бес телеарна – Ресей Бірінші телеарнасы, «Россия 1», «Россия 24», «ТВ Центр» және ОТР телеарналары мен үш радио қатысады. Аймақтарда 338 телеарна мен 280 радиостанцияда эфирден тегін уақыт алуға мүмкіндік беріледі.

«Коммерсантъ» басылымының жазуынша, кандидаттарға әр телеарна мен радиодан үгіт-насихат жүргізуге тегін бір сағаттан уақыттан беріледі. Заң бойынша, кандидат ұсынған партиялар да эфир уақытын тегін бір сағат пайдалана алады.

ОСК 13 ақпан күні Владимир Познердің президенттікке кандидат Ксения Собчакпен Бірінші арнада жүргізген сұхбатында заң бұзу анықталмағанын хабарлаған. ОСК хатшысы Майя Гришина сұхбатқа қатысты шағым түсірген заңгерге жауап хатында бағдарламада «қандай да бір кандидатқа қарсы дауыс беруге шақырған үндеу болмағанын» айтады. «Сондықтан да сайлаушыларда кандидат Ксения Собчактың жағымды образын қалыптастырды деуге болмайды» делінген Гришинаның хатында.

ОСК-ге сонымен қатар «Яблоко» партиясы да шағымданып, сайлау кампаниясы қызған шақта мемлекеттік телеарналардан Оливер Стоунның «Путин» фильмін көрсетуге жол бермеуін талап еткен.

XS
SM
MD
LG