Алматыда биыл алғашқы айда былтырғымен салыстырғанда автокөліктің VIP нөмірлеріне сұраныс үш есеге жуық артты деп хабарлады 14 ақпанда қалалық ішкі істер департаменті (ІІД).
Департамент ақпаратына қарағанда, 2018 жылдың қаңтарында шамамен 70 миллион теңгеге сұраныс жоғары 244 мемлекеттік VIP тіркеу нөмірі сатылған. Былтыр қаңтар айында 35 миллион 101 мың теңгеге осындай 91 мемлекеттік тіркеу нөмірі сатылған.
Қазақстанда көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін 010, 020; 100, 111, 200, 222; 001, 002 деген сияқты сандағы нөмірлердің өзін кездейсоқ таңдалған әріп таңбаларымен бірге немесе бірдей әріп таңбаларымен бірге сатып алуға болады. Тапсырыс беріп алатын көліктің мұндай VIP нөмірлерінің бағасы 57 айлық есептік көрсеткіштен (137085 теңге) 285 айлық есептік көрсеткішке (685425 теңге) дейін тұрады.