Accessibility links

Әкімдік: Ақтөбе облысында 400-ге жуық адам дәстүрлі дінге оралды


Ақтөбедегі орталық мешіт (Көрнекі сурет).
Ақтөбедегі орталық мешіт (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысында былтыр «деструктивті ағым жетегінде жүрген» 400-ге жуық адам «дәстүрлі дінге» оралды деп мәлімдеді облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбатов.

Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, әкімдікте өткен діни бірлестіктермен байланыс кеңесінің отырысында Қалмағанбетов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа діни ахуал мен оны ары қарай жақсарту жұмыстары жөнінде есеп берді. Оның сөзінше, былтыр облыстағы діни ахуал тұрақты болған.

Қалмағанбетов 15 теолог пен психологтан құралған сарапшылар кеңесі облыстағы діни ахуалға ай сайын талдау жасайтынын, облысқа белсенді теологтардың әлі де тартылып жатқанын айтты.

«Олар 2017 жылы белгілі топтардың өкілдерімен сан мәрте жеке кездесіп, әңгімелесті. Деструктивті дін ұстанатындар саны азайып келеді: өткен жылдың қорытындысы бойынша 400-ге жуық адам дәстүрлі дінге оралды»,- деген Жолдас Қалмағанбетов. Әкімдік облыста «теріс ағым жетегінде жүрген» қанша адам барын айтпаған.

Оқи отырыңыз: «Теріс ағым» өкілдерін райынан қайтаруға теологтар кірісті

Дін істері басқармасының басшысы бұған қоса облыста орамал тартатын оқушылардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, оқу жылының басында облыста 400-ге тарта оқушы мектеп формасы ережесін сақтамаған. «Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 278 баланың ата-анасы мектеп талабын мойындады» деген Жолдас Қалмағанбетов.

Оқи отырыңыз: "Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр

Жиын соңында әкім Бердібек Сапарбаев облыста діни тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарын одан ары жандандыруды тарсырған.

XS
SM
MD
LG