Accessibility links

Шымкентте транспорт компаниялары әкімдікке наразылық білдірді


Қуатжан Жұматаев (оң жақта), Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы. Шымкент, 14 ақпан 2018 жыл.

14 ақпан күні Шымкенттегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде жиын өтті. Жиында транспорт компаниялары қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысына наразылық білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Транспорт компаниялары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «қаладағы қоғамдық көліктер жүретін бағыттарды тартып алып, заңсыз басқа компанияға бергенін» және «бұл үшін заңсыз тексерістер жүргізіп, ілік іздегенін» айтады.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын тарнспорт компаниясының бірі «Санжар-моторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Елікбай Тоқбергеновтің сөзінше, бөлім басшылығы компаниясында жаңа автобустары бар болса да «жүргізетін бағытты заңсыз тартып алған».

- Сол бағыттарды Green Bus компаниясына берді. Қазір ескі автобустар жүріп жатыр. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ, - деді ол.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жолаушылар тасымалы саласында әкімшілік кедергілер бар. Мысалы, субсидиялау, көлік құралдарын жаңарту, диспетчерлік қызметпен шарттар жасасуға мәжбүрлеу, негізсіз тексеру көбейген.

Кәсіпкерлердің наразылығын «Южавтотранспорт» қауымдастығының төрағасы Дархан Каюпов та қолдады. Ол кәсіпкерлердің жолаушылар тасымалы сапасын арттыруы үшін әкімдік барлығына тең қарауы керек деп есептейді.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев кәсіпкерлердің шағымын негізсіз деп біледі. Оның айтуынша, бөлім транспорт компанияларына қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру талабын қойып отыр. Жұматаев ол талаптардың бірі қаладағы автобустарды кешкі сағат тоғызға дейін жүргізу екенін айтты. Шымкентте қоғамдық көліктердің көбі кешкі сағат сегізге дейін ғана жүреді.

Жиынға қатысқан мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мелес Сейітжанов арнайы комиссия құрылып, бөлім жұмысы тексерілетінін айтты.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG