Accessibility links

Жоғарғы сот: Анна Белоусованың ісі қайта қаралсын


Снежанна Ким, Анна Белоусованың адвокаты.
Снежанна Ким, Анна Белоусованың адвокаты.

Қазақстан Жоғарғы сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы 14 ақпан күні Қостанай облысы Перцовка ауылының тұрғыны Анна Белоусованың ісін Астананың Сарыарқа аудандық сотына қайта қарауға жолдады. Жоғарғы сот алқасы бұған қоса Белоусованың өзіне жыныстық бопса жасалғаны үшін мемлекеттен жеті миллион теңге өтемақы талап еткен ісі бойынша бұған дейінгі сот қаулысының күшін жойды. Сот алқасының төрағасы Елис Әбдіқадыров судьялар 2016 жылы БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тию комитеті қараған Белоусованың ісін «бұдан да кеңірек, тыңғылықты және толықтай қарау керек» деп ұйғарғанын айтты.

Жоғарғы сот отырысында прокурор Белоусованың талап-арызын жартылай қанағаттандырып, алдыңғы сот шешімін жою керегін мәлімдеді. Прокурор БҰҰ комитеті шешімінің «ұсыныс ретінде қабылдауға болатындай ғана күші» барын, дегенмен оны орындамау Қазақстанның беделіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, бұл саяси тұрғыдан зиян келтіруі ықтимал.

Былтыр Астананың Сарыарқа аудандық соты, кейін қалалық сот БҰҰ-ның әйелдерді кемсітуді тию комитетінің шешімі бойынша, Анна Белоусоваға қаржы министрлігінен материалдық және моральдық шығын ретінде жеті миллион теңгеден астам қаржы өндіріп беруден бас тартқан еді.

Оқи отырыңыз: Астана БҰҰ комитетінің әйелді кемсіту ісіне қатысты шешімін орындаудан бас тартты

2015 жылы БҰҰ комитеті Анна Белоусованың пайдасына шешім шығарып, Қазақстан билігін оған «құқығы бұзылып, моральдық және материалдық зиян тартқаны үшін тиісті қаржылай өтемақы төлеп беруге» шақырған. БҰҰ комитеті Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі әйелдерге қатысты мұндай шешімді бірінші рет шығарып отыр. БҰҰ комитеті Анна Белоусова қорғансыз әрі мектеп директорына тәуелді күйде болған деп таныған.

Жаңа директор қызметке келген 2011 жылға дейін Анна Белоусова 18 жыл бойы ауыл мектебінде гардеробшы болып жұмыс істеген. Анна Белоусованың сөзінше, директор «менімен төсектес боласың, әйтпесе орныңды босатасың» деген талап қойған. Жыныстық сипаттағы мұндай ұсыныстар бірнеше рет қайталанған. Кейін Белоусованы мектептегі жұмысынан шығарған – еңбек шарты ұзартылмаған.

Әлгі жағдайдан кейін келіншек әуелі қалалық білім бөліміне, ал кейінірек полицияға шағымданған. Бірақ әлгі мекемелер қылмыс құрамы да, тексеруді бастауға негіз де жоқ деген уәжбен оның арызын тексермеген. Ал мектеп директоры жала жапты деп айыптап, әйелді сотқа берген әрі жеңіп шыққан. Анна Белоусованы сот шығындарын өтеуден бөлек, мектеп ұжымы алдында әлгі ер адамнан кешірім сұрауға міндеттеген, кейінірек ол "бұл мәжбүрлі шара жанымды қатты жаралады" деп мәлімдеген.

Анна Белоусованың адвокаты Снежанна Ким Жоғарғы сотта БҰҰ комитеті шешімін тікелей мемлекетке қатысты шығарғанын және Қазақстан халықаралық келісімдерге қол қойып, өзіне міндеттеме алғандықтан оны орындауы тиіс екенін айтты.

Анна Белоусованың өзі Жоғарғы сот отырысына келмеді. Адвокатының айтуынша, барлық сот процесі оған психологиялық тұрғыдан өте ауыр тиеді және бұл бұл шырғалаң кесірінен денсаулығы қатты нашарлап, мүгедекке айналған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG