Мәскеу мэриясы үш жыл бұрын қастандықтан қаза тапқан оппозиционер Борис Немцовті еске алу маршын өткізуге рұқсат берді. «Солидарность» қозғалысының мүшесі Илья Яшиннің хабарлауынша, акция 25 ақпан күні Страстный бульварынан Сахаров атындағы алаңға дейінгі аралықта өтеді.
Ұйымдастырушылар маршқа мыңдаған адам қатысады деп күтіп отыр. Былтыр қала билігі акцияға рұқсат бергенімен, ұйымдастырушыларға оны Пушкин алаңынан Сахаров даңғылына дейінгі аралықта өткізуді ұсынған. Марш өткен соң оған қатысқан біраз адам саясаткер қаза тапқан орынға барған.
Борис Немцовті 2015 жылы 27 ақпанда Мәскеудің орталығында Кремльге жақын көпір үстінде атып өлтіріп кеткен. Немцовтің өлімі бойынша сот үкімі былтыр шілдеде шыққан. Саясаткерді өлтірді деген Заур Дадаев 20 жылға, оның төрт серігі 11 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімдерге сотталған. Бірақ қастандыққа кім тапсырыс бергені әлі күнге дейін анықталмады. Немцовтің туыстары мен серіктері оның өліміне Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қатысы бар деп біледі.
Видео: Немцов туралы фильм (04.05.2017)