Accessibility links

Храпуновтар сотқа тағы да шақырылды


Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Виктор Храпуновтың эмиграциядағы суреті. Фото Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.
Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Виктор Храпуновтың эмиграциядағы суреті. Фото Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.

Қазақстанның коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйлә Храпунова және "олардың сыбайласы" деп саналатын Айяр Ілиясовты бірнеше қылмыс бойынша күдікті деп тағы да тергеуге шақырды.

Ұлттық бюро ақпанның 15-де таратқан хабарламасында Храпунов пен оның отбасы мүшелері және басқа да адамдарға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын, тергеу барысында күдіктілердің "заңға қайшы әрекеттерін растайтын айғақтар жинағанын" айтады.

"Жиналған материалдар күдіктілерді ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды, қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды, мемлекет мүлкі мен бюджет қаржысын жымқырып, иеленді, алаяқтық жасады, пара алды және оларын заңдастырды деуге негіз болып отыр" делінген коррупцияға қарсы қызмет хабарламасында.

Ұлттық бюро Храпуновтар шетелде тұратындықтан оларды ақпарат құралдары арқылы 26 ақпан күні сағат 15-ке дейін Астанаға бюро кеңсесіне тергеуге келуге шақырады.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 69 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.

Қазақстанның әділет министрлігі бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі 2014 жылы Калифорния штатының сотына Храпунов пен оның отбасы мүшелері және олардың АҚШ пен басқа да елдерде тіркелген жалған компанияларына қарсы шағым түсіргенін хабарлаған. Шағымда Храпуновтың "ұйымдасқан қылмыс және коррупциямен күрес жөніндегі заңды, Алматы қаласы тұрғындарының мүддесіне жұмыс істеу міндеттемесін бұзғаны, бөтеннің мүлкін заңсыз иелену және осы мақсатта қылмыстық сөз байласқаны" айтылады.

Храпуновтар бұған дейін де бірнеше рет Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тергеуге шақырылған, бірақ, олар келмеген.

XS
SM
MD
LG