Қытайдың Орталық телевидениесі (CCTV) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан алынған сұхбаттың үзіндісін жариялады. Сұхбатта Назарбаев Қытай халқын қытайлық жаңа жылдың басталуымен құттықтап, Қытаймен ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты. Қазақстан президенті әкімшілігінің хабарлауынша, 12 ақпан күні Астанада Назарбаев CCTV сұрақтарына, оның ішінде екі жақты ынтымақтастыққа қатысты жауап берген.
CCTV сайтында 15 ақпан күні кешке жарияланған видеода Назарбаев Қытайдың ары қарай дамуына мүдделі екенін айтып, Қытай төрағасы Си Сзиньпиннің жұмысына және оның халықаралық деңгейдегі саясатына тәнті екенін айтады.
«Біз, [Қытаймен] көрші, қарым-қатынас орнатқан, сауда жасайтын Қазақстан, Қытаймен бірге дамимыз. Біз Қытайдың ауқатты болуына мүдделіміз, себебі біз бір-бірімізбен өте байланыстымыз» деді Назарбаев. Сұхбат видеосы 16 ақпан күні кешке қазақстандық телеарналардан көрсетілмек.
Назарбаев сұхбатында екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі бірнеше миллиард долларға жеткенін және бірлескен жобалар барын да айтты. Назарбаев Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы Орталық Азияда ең ірі саналатын Қорғас құрлықтағы портын еске салды.
«Алда әлі талай бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан Қытай халқының амандығы мен бақыты біз үшін өте маңызды», - деді Назарбаев қытайлық телеарнаға берген сұхбатында.
Қазақстандық кейбір сарапшылар бұған дейін Қытайдың Қазақстандағы ықпалы артып бара жатыр деп талай рет алаушылық білдірген. Сарапшылар әсіресе қытайлық компаниялардың мұнай-газ секторындағы үлесінің артқанын сынайды және Пекиннің Астанаға берген миллиардтаған доллар несиесінен қауіптенеді.