16 ақпан күні Ақтөбеде «мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ» деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша сот процесі жалғасты. Сот айыпталушылардың бірі - Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Ахановтан жауап ала бастады.
Полиция полковнигі Ахановқа тергеу «лауазымдық өкілетін теріс пайдаланған» деп айып тағып отыр. Айыптаушылар одан «кеніштерден ұрланған мұнайдың Ақтөбедегі мұнай өңдеуші шағын зауыттарға ешбір кедергісіз жеткізілуіне жағдай жасаған» деп күдіктенеді. Бірақ Рахат Аханов өзіне тағылған айыппен келіспей отыр.
Ахановтың айтуынша, ол 2011-2016 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары болған кезінде полициядағы бірде бір лауазымды орынды сатпаған, қылмыстық істерді қысқарту үшін пара алмаған. Яғни, өз кәсібіне адал болған.
- Мен жеке құрамның алдында беделді басшы болдым. Оны мына отырған мемлекеттік айыптаушылар да біледі, - деді Рахат Аханов сот алдында.
Полковник Аханов Ақтөбеде басшылық қызметте болған жылдары облыстық ІІД-де екі генералдың - Амиров пен Аблязимовтің қол астында жұмыс істегенін айтты. Ақтөбе облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасарыайына 303-304 мың теңге жалақы алып отырған.
- Жалақым отбасымды асырауға толық жететін. Оның үстіне қаржылай қорым да болды. Қостанайдан көшкен соң сондағы жылжымайтын мүлкімді саттым. Оны кезінде 7 мыңға алған болатынмын, 90 мыңға сатылды, - деген Рахат Аханов жылжымайтын мүлкінің қандай валютаға сатылғанын нақтыламады.
Мемлекеттік айыптаушылардың сөзіне қарағанда, полициядағы лауазымды тұлға Рахат Ахановқа «Төрт ағайынды» ұйымдасқан қылмыстық тобының атынан қаржыны Саясат Дүсіпов пен Есенжан Еркетаев жеткізіп беріп отырған. Рахат Аханов соттаЕсенжан Еркетаевпен таныс екенін айтты. Полковник Есенжан Еркетаевпен тойда танысып, кейін ара-тұра хабарласып тұрған. Судьяның «сіз Ақтөбеге сырттан келген адамсыз, бейтаныс адамдардың сізге қызығушылық танытып, маңайлай бастауы күдігіңізді тудырмады ма?» деген сауалына Аханов «жедел қызметкер үшін таныстың көп болғаны дұрыс» деп жауап берді.
- Еркін Ізбасардың жергілікті спортшылар арасындағы бейресми көшбасшы екенін білетінмін. Бірақ мен Ақтөбеде қызмет еткен жылдары Еркін Ізбасар мен оның айналысындағы азаматтардың қылмыстық ахуалға ешқандай ықпалы болған жоқ. Есірткі бизнесіне еш қатысы болмағанын анық білемін. Әлбетте, біз оның қимыл-қозғалысынан хабардар едік. Алматыға жиі қатынайтын. Бірақ біз таныс болғанымыз жоқ, - деді Рахат Аханов «қылмыстық топқа жетекшілік етті» деп сипатталатын І топ мүгедегі Еркін Ізбасар туралы.
Оқи отырыңыз: «Мұнай ұрлаған» күдіктінің бірі – полиция полковнигі
Ақтөбеде «мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ» деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша сот процесі желтоқсанның 5-і күні басталған. Рахат Аханов – Ақмола облысының тумасы. Кейінгі жылдары Ақтөбеден Астанаға ауысып, ІІМ қылмыстық полиция басшысының орынбасары болған. Сот процесі кезінде полковникті қостанайлық адвокат Олег Бранцев қорғап жатыр. Бранцев Азаттық тілшісіне әзірше ешқандай комментарий бермейтінін айтты.