Accessibility links

Назарбаев Роуханиге ұшақ апаты құрбандарына қатысты көңіл айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран президенті Хассан Роухани. Астана, 9 қыркүйек 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран президенті Хассан Роухани. Астана, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран президенті Хассан Роуханиге Ирандағы жолаушылар ұшағының құлауынан ондаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

«Мемлекет басшысы Иранда жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабарды күйзеле қабылдады. Қазақстан халқы мен өзінің атынан құрбандардың туыстары мен жақындарының қайғысына көңіл айтты» делінген жеделхатта.

Иранның Aseman Airlines компаниясының ATR 72 жолаушылар ұшағы 18 ақпан күні Тегераннан Ясуджға ұшып бара жатқанда Семиром қаласы маңындағы тауға құлаған. Иран басылымдарының хабарлауынша, ұшақта 60 жолаушы және экипаждың алты мүшесі болған. Иранның төтенше жағдайлар қызметі ұшақтағы адамдардың барлығы қаза болғанын хабарлады. Тегераннан оңтүстікке қарай 480 шақырым жердегі Семиром қаласы маңындағы ұшақ апатының себебі әзірше белгісіз.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Ирандағы ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында болжам бойынша қазақстандықтар жоғын хабарлаған.

Иранның шалғайдағы ішкі аймақтарына жолаушы тасымалдаумен айналысатын Aseman Airlines компаниясы сонымен бірге халықаралық бағыттарға да әуе қатынасын жасайды. Еуропалық ұшақ құрастырушы ATR компаниясы әзірше ұшақ апатына қатысты комментарий бермеді.

Ұзақ жылдардан бері халықаралық санкциялар салынған Иранның авиация паркіндегі ұшақтары ескірген деп саналады.

XS
SM
MD
LG