Accessibility links

Қазақстанда операция кезінде ұсталғандар саны 35-ке жетті


ҰҚК қызметкерлері мен арнайы операциясы кезінде ұсталған адам (Көрнекі сурет).
ҰҚК қызметкерлері мен арнайы операциясы кезінде ұсталған адам (Көрнекі сурет).

Қазақстан бас прокуратурасы күш құрылымдарының «кеден саласына» қатысты жүргізген арнайы операциясы жайлы егжей-тегжейлі ақпарат таратты. «Бүгінге дейін күдікті 35 адам ұсталды. Олардың арасында Қырғызстанның үш азаматы, кеден органдарының, шекара қызметінің лауазымды адамдары, брокерлер, делдалдар және ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері бар. Олардың 33-і сот санкциясымен қамауға алынды» деп хабарлады бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова. Өткен аптада бас прокуратура Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы арнайы операциялар барысында 29 адам ұсталғанын хабарлаған еді.

Лоскутова сот санкциясымен ондаған тінту жүргізілгенін, тінту барысында ақша тәркіленгенін айтты. «Экономикалық контрабанда, ұйымдасқан қылмыстық және трансұлттық қылмыстық ұйымдарды құру, оған қатысу және басшылық жасау, парақорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды» деді Лоскутова.

Қырғызстан парламентіндегі «Қырғызстан» фракциясы Қазақстанда Қырғызстан азаматтарының, оның ішінде депутат Дамирбек Асылбек уулының ұсталғанына байланысты шұғыл жиын өткізген. Депутаттар 19 ақпанда таратқан мәлімдемесінде әріптестерінің ұсталғаны туралы ақпарат фракция үшін «күтпеген жағдай» болғанын айтып, «тергеу Қырғызстан азаматтарының құқықтарын бұзбай және заңды сақтай отырып жүргізілетінінен» үмітті екенін білдірген.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Қырғызстан азаматтарының ұсталғанына байланысты Қазақстаннан ақпарат сұрап, сауал жолдаған. 17 ақпанда Қырғызстан СІМ Қазақстан жағы «Дамирбек Асылбек уулының ұсталғанына қатысты» 15 ақпанда Қазақстан аумағында Қырғызстанның төрт азаматы ұсталды деп ақпарат бергенін хабарлаған.

Қазақстан бас прокуратурасының мәлімдеуінше, ҰҚК мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бірлескен операциясында Қазақстанның Қытай, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарасының кейбір бекеттерінен «халық тұтынатын тауарларды контрабанда арқылы өткізу» әрекетін әшкерелеген.

«Күдіктілерге кедендік рәсімдеу мен жүктерді төмендетілген баға бойынша алып жүруді қамтамасыз ететін кеден органдары мен шекара қызметінің кейбір лауазымды тұлғалары көмектесіп отырған. Тауарлар Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларына жөнелтіліп отырған» делінген прокуратураның мәлімдемесінде.

XS
SM
MD
LG