Accessibility links

Мәскеу әуежайында Навальный қорының басшысы ұсталды


Роман Рубанов, Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының директоры.
Роман Рубанов, Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының директоры.

Мәскеудің «Шереметьево» әуежайында ресейлік оппозиционер Алексей Навальный құрған Жемқорлықпен күрес қорының директоры Роман Рубанов тұтқындалды. Алексей Навальныйдың федералдық штабы басшысы Леонид Волковтың Twitter-де жазуынша, Рубановты полиция 28 қаңтарда өткен «сайлаушылар ереуілін» қолдау акциясын ұйымдастырды деп айыптап отыр.

Волковтың сөзінше, Рубановты Навальный штабының басқа да белсенділері Кира Ярмыш пен Руслан Шаведдиновті ұстағандай жолмен тұтқындаған. Рубанов әуежайда әуелі кедендік тексеруден толық өткен, сосын оны себебін айтпастан полиция бөліміне алып барған.

Алексей Навальный өзін президент сайлауына кандидат етіп тіркемей қойған соң «сайлаушылар ереуілін» өткізуге шақырған. «Сайлаушылар ереуілі» 28 қаңтар күні Ресейдің ондаған қаласында өтіп, оларға мыңдаған адам қатысқан. Шерулер кезінде ел бойынша 350-ге тарта белсенді ұсталған.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш пен сайлау кампаниясының баспасөз хатшысы Руслан Шаведдинов 30 қаңтар күні «Шереметьево» әуежайының төлқұжат тексеру постында ұсталған. Оларға «сайлаушылар ереуілін» ұйымдастырды деген айып тағылған. Олар Литвада отырып шерулерден трансляция жүргізген. Шаведдинов сегіз тәулікке, Ярмыш бес тәулікке қамалған.

XS
SM
MD
LG