Accessibility links

Құқық қорғаушы Курамшин денсаулығына шағымданды


Вадим Курамшин, тұтқындағы құқық қорғаушы. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Вадим Курамшин, тұтқындағы құқық қорғаушы. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Өскемен қаласындағы ОВ-156/20 мекемесінде жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Вадим Курамшин денсаулығына шағымданды деп хабарлады Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросы. Курамшин бюроға хабарласып, «Осымен үшінші күн арқам қатты ауырып, шаншу күннен-күнге күшейіп келеді. Маған шұғыл түрде медициналық көмек керек. Бұл түрменің ішінде оған қол жеткізу мүмкін емес. Ондай жағдай жасалмаған. Маған МРТ жасатып, арқалығы бар орындық алу керек. Сондықтан, Павлодардағы арнайы медициналық түрмеге ауысу қажет», - деген. Курамшиннің денсаулығы нашар екенін анасы Ольга Колтунова да растайды.

Өткен аптада ұлымен телефон арқылы байланысқан анасы ұлы белі қатты ауыратындықтан отыра алмай жүргенін де жеткізді. Ал ОВ-156/20 түрмесі бастығының орынбасары капитан Қуаныш Мәкенов Азаттық тілшісіне Курамшиннің денсаулығы «қалыпты екенін» айтты.

- Мен дәрігер емеспін. Бірақ маған белгілі ақпарат бойынша, оның денсаулығы қалыпты. Егер денсаулығына байланысты сотталушылар шағымданса, оны медицина бөлімі қарайды. Егер бізде маман болмаса, қаладан шақырылады. Операция керек болған жағдайда, онда Семей қаласындағы 156/15 мекемесінде ауруханалар бар. Сол жаққа этаппен апарылып, сол жерде емделіп, сосын қайтып әкелінеді, - деді Мәкенов.

«Курамшин денсаулығына байланысты шағымданды ма?» деген сұраққа ол кезекшілердің журналын қарау керегін, ал жеке өзіне Курамшин денсаулығына байланысты шағым айтпағанын жеткізді.

43 жастағы құқық қорғаушы Вадим Курамшин 2012 жылдан бері бопсалау айыбымен 12 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірнеше құқық қорғау ұйымы оны саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG