Accessibility links

Астанада жол салған жұмысшылар жалақысын талап етті


Астанада "Нұр Отан" партиясы филиалының алдында наразылық танытып тұрған жұмысшылары. 5 ақпан 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Астанада "Нұр Отан" партиясы филиалының алдында наразылық танытып тұрған жұмысшылары. 5 ақпан 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Астанада қала іргесіндегі Ильинка кентінде жол салып жатқан бір топ жұмысшы жалақысын төлеуді талап етіп, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалына барды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ильинка кентінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жол салып 20 шақты жұмысшы жарты жылдан бері жалақысын ала алмай жүр. Жұмысшылардың айтуынша, жол салып жатқан бірнеше мердігер компания бас мердігер «Құлагер» компаниясымен тапсырысты орындауға келісім шарт жасасқан.

«Өз-Ер-Тур» компаниясының жұмысшысы Бауыржан Сәрсенбаевтың айтуынша, компания 25 жұмысшыға айға 9 миллион теңге қарыз.

- Былтыр шілдеден бері бар болғаны 400 мың теңге берді. Оны 25 адам 10-15 мың теңгеден бөліп алғанбыз. Астанада пәтер жалдап тұрамыз. Төлейтін несиеміз бар, бала-шағамызды асырауымыз керек. Жалақымызды сұрап компания кеңсесіне барып едік, әкімдік ақша бермей жатыр деп шығарып салды. «Құлагер» компаниясының кеңсесіне барып едік, кіргізбей қойды, - деді Бауыржан Сәрсенбаев.

Жұмысшылардың сөзінше, өздері жұмыс істейтін фирмалар жалақыны кешікктіруге бас мердігер «Құлагер» компаниясын кінәлайды.

Жиынға келген «Құлагер» құрылыс компаниясы бас директоры Бейсебай Жырғабаев өз компаниясы тиісті ақшаларын төлегенін, «Өз-Ер-Тур» фирмасына қарыз емес екенін айтты.

Жұысшылармен «Нұр Отан» партиясы Астана филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров сөйлесті. Сапаров Астана әкімдігі бағдарлама бойынша 20 шақты мердігер компаниямен 10 миллиард теңгенің келісім-шартын жасасып, осы уақытқа дейін оның 6 миллиардын төлегенін білетінін айтты.

Жиында «KZ» фирмасының басшысы Агарон Владович бас мердігермен жасаған келісім шарт бойынша барлық соманың 27,5 пайызы бас мердігерге, оның ішінде сақтандыруға жұмсалатынын айтты. Бақыт Сапаров «соманың 27,5 пайызы бас мердігердің қалтасына кетеді» деген ақпаратқа таң қалып, оны «барып тұрған сыбайлас жемқорлық» деп атады. Ол партия бұл ақпаратты тексеруді ұйымдастыратынын және бұл мәселені бақылауға алатынын жеткізді.

Бақыт Сапаров партия «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының орындалуының сапасын ғана емес, қаржылық жағын да бақылайтынын айтып, жұмысшыларды жалақысын алатынына сендіруге тырысты.

XS
SM
MD
LG