Accessibility links

Қазақстандық үш шорт-трекші олимпиаданың 1/4 финалына шықты


Голландиялық Шинки Кенгт (2) қазақстандық Нұрберген Жұмағазиевті (41) итеріп, ереже бұзған эпизод. 20 ақпан 2018 жыл.
Голландиялық Шинки Кенгт (2) қазақстандық Нұрберген Жұмағазиевті (41) итеріп, ереже бұзған эпизод. 20 ақпан 2018 жыл.

Пхенчхан олимпиадасында шорт-тректен ерлер арасында 500 метрлік жарыста қазақстандық Абзал Ажғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша ширек финалға шықты.

Никиша төртінші, Жұмағазиев бесінші, Ажғалиев алтыншы іріктеу тобында жүгірді. Үшеуі де өз топтарында үшінші орын алған. Ал ережеге сай финалға әр топтан үздік екі спортшы шығуы тиіс. Бірақ жарыс кезінде үш топтан бір-бір спортшы пенальти алып, нәтижелері есепке алынбады. Ал үш қазақстандық төрешілер шешімімен ширек финалға өтті.

- Жарыс алдында спортшылардің бірі конькиімді сындырып, қайта ауыстыруға тура келді. Қосалқы конькиді киіп шықтым. Қатты стресс болған жоқ. 500 метрлік жарыс өте тез. Барлығы мұзда жолға таласады, бір-бірін итереді. Олимпиада ғой, бәрі тәуекелге барады. Сондай сәттердің бірінде канадалық (Шарль Амлен-ред) жолда мені итеріп жібергені үшін пенальти алды, - деді Никиша.

Ал Абзал Ажғалиевтің айтуынша, мұз айдында ресейлік Павел Ситников оның жолын жауып, кедергі келтіргені үшін жарыстан шеттетілген.

Ресейлік Павел Ситников (ортада) қазақстандық Абзал Ажғалиевтің жолын жапқан сәт. 20 ақпан 2018 жыл.
Ресейлік Павел Ситников (ортада) қазақстандық Абзал Ажғалиевтің жолын жапқан сәт. 20 ақпан 2018 жыл.

Нұрберген Жұмағазиевтің тобында голландиялық Шинки Кенгт ереже бұзғаны үшін нәтижесі есептелмеді.

Шорт-тректен 500 метрлік жарыстың ширек финалы, жартылай финалы және финалы 22 ақпанда өтеді. Қысқы олимпиада 25 ақпанда аяқталады. Қазақстан бір қола медальмен жалпы есепте 25-орында келеді.

XS
SM
MD
LG