Accessibility links

СІМ: Сириядағы қақтығыста оққа ұшқандар арасында қазақстандықтар жоқ


Дейр-эз-Зор провинциясында ұрыс салып жатқан Сирия армиясының танкі. Сирия, қараша 2017 жыл.
Дейр-эз-Зор провинциясында ұрыс салып жатқан Сирия армиясының танкі. Сирия, қараша 2017 жыл.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Сирияда таяуда болған әскери қақтығыстан қаза тапқан «ТМД азаматтары» арасында қазақстандықтар барынан бейхабар екенін мәлімдеді. «Қазақстан сыртқы істер министрлігінде Сириядағы әскери қақтығыстан қаза тапқандар арасында қазақстандықтар бары туралы мәлімет жоқ» деп хабарлады СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовқа сілтеген Tengrinews.kz сайты.

Сирияда таяуда болған ұрыстан Ресей мен ТМД елдерінің ондаған азаматы зардап шеккен. Ресей СІМ «қақтығыстан құрбан болғандар да бар болғанымен, олардың арасында ресейлік әскерилер жоғын» хабарлаған.

Хабарламада таяуда болған әскери қақтығысқа Ресей әскерилері қатыспағаны және штаттық техникалық құралдар қолданылмағаны, бірақ бірнеше ресейлік пен ТМД елдерінің азаматтары қаза тауып, ондаған адамның жараланғаны айтылады. «Олардың Ресейге оралуына көмек көрсетілді. Бізге белгілісі - олар Ресейде ауруханаларда емделіп жатыр» делінген комментарийде.

Бұған дейін шетелдік БАҚ Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында АҚШ бастаған коалиция нысанының маңында болған ұрыстан «Вагнер жекеменшік әскери компаниясының» 200-ге тарта жалдамалы сарбазы оққа ұшқанын хабарлаған еді. Ресей СІМ ресми өкілі бұл ақпаратты «дезинформация» деп атаған.

XS
SM
MD
LG